Елордада Қазақстанның жасылдар партиясы – «Байтақтың» кезектен тыс V съезі өтті. Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, Қазақстан Республикасының бір палаталы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі ұсынылды.
Съезге партия төрағасы Азаматхан Әміртай, Саяси кеңес мүшелері, өңірлік филиалдардың жетекшілері, экологтар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.
Құрылтай сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар партияның сайлауалды тұғырнамасын бекітіп, кандидаттар тізімін қалыптастыру үшін бас қосты.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, съездің кезектен тыс өткізілуі жаңа Ата заңның күшіне енуімен байланысты.
«Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл құжат еліміздің бүкіл саяси жүйесін жаңғыртудың негізі болып табылады. Біздің бесінші кезектен тыс съезіміз де Президент саясатын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр», – деді ол.
Оның айтуынша, съезд делегаттарының қарауына бірқатар құжат жобалары ұсынылған.
Сондай-ақ Азаматхан Әміртай 23 тамызда қазақстандықтар алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлайтынын атап өтті.
«Бұл – кезекті сайлау ғана емес, мемлекет тарихындағы жаңа кезең», – деді партия төрағасы.
Партия ұсынған тізімге барлығы 53 кандидат енгізілді. Олардың қатарында экологтар, экономистер, заңгерлер, білім және ғылым саласының өкілдері бар.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, кандидаттардың 41-і ер адам, 12-сі әйел. Сонымен қатар тізімде 6 жас өкіл және мүмкіндігі шектеулі 2 азамат бар.
Жас ерекшелігі бойынша 6 кандидат – 25 пен 35 жас аралығында, 36 кандидат – 36-55 жас аралығында, ал 11 кандидаттың жасы 55-тен жоғары. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас.
Қызмет саласы бойынша тізімге 14 эколог, 8 білім және ғылым саласының өкілі, 5 мемлекеттік орган қызметкері, 11 экономист, 10 заңгер және өзге салалардың 5 өкілі енген.
Сондай-ақ кандидаттардың бесеуі бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер болған. Ал екі кандидат түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаты болып табылады.