Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді

Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді

Құжат азаматтардың цифрлық құқықтарын бекітіп, жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін айқындайды

QazMonitor Logo
Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда Цифрлық кодекс ресми түрде күшіне енді. Құжат цифрлық технологияларды жүйелі дамытуға, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге және орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруға құқықтық негіз қалайды.

Кодекс алғаш рет заңнамалық деңгейде азаматтардың цифрлық құқықтарын бекітеді. Енді қазақстандықтар өздерінің дербес деректерін басқаруға, оларды жоюға, жасырын түрлендіруге (анонимизациялауға) және өңдеуді шектеуге кепілдік берілген құқыққа ие болады. Сондай-ақ биометриялық деректерді пайдалану тәртібі қатаң реттеліп, автоматтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект қабылдаған шешімдерді қайта қарау құқығы енгізілді.

Құжат цифрлық құжаттар, цифрлық мәліметтер мен растамалар, оның ішінде push-хабарламалар мен кодтар ұғымдарын заңнамалық деңгейде бекітеді. Сонымен қатар цифрлық жазбалар, цифрлық активтер, ресурстар, платформалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым нысандары және цифрлық деректер өнімдері секілді цифрлық объектілердің құқықтық мәртебесі нақтыланды.

Кодекске сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге және мемлекеттің цифрлық архитектурасының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған стратегиялық цифрлық нысандар ұлттық цифрлық объектілер мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ смарт-келісімшарттар мен бөлінген жүйелерді қолдануға құқықтық жағдай жасалады.

Жаңа құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымына арналған платформаны енгізу. Бұл платформада цифрлық өнімдерді пайдалану шарттары нақты белгіленіп, ашық қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мұндай платформалардың иелеріне киберқауіпсіздік талаптарын сақтау, рұқсатсыз қол жеткізуді, деректердің таралуын және заңмен шектелген жағдайда оларды шетелге беруді болдырмау міндеті жүктеледі.

Кодекс мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін цифрлық трансформацияны міндетті процеске айналдырады. Жыл сайынғы цифрлық трансформация бағдарламалары енді мемлекеттік органдар басшыларының негізгі тиімділік көрсеткіштерінің (KPI) бірі болады.

Сонымен қатар құжатта киберқауіпсіздік талаптары күшейтіліп, мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету нормалары енгізілген.

Цифрлық кодекстің қабылдануы Қазақстанның цифрлық дамуының жаңа кезеңін бастап, технологиялық прогресс пен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.