Қарағанды облысында мал иелеріне үй жануарларының түнгі уақытта жолда анық көрінуін қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын таспалар тегін үлестірілді. Акцияны «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалы мен «ҚАЖсервис» Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Мамандардың мәліметінше, жануарлар көбіне Қарағанды – Қарқаралы, Қарағанды – Жезқазған, Қарағанды – Павлодар және Ботақара – Керней – Үміткер бағыттарындағы республикалық маңызы бар автожолдарға шығады.
Қараңғы уақытта немесе қолайсыз ауа райында жарық шағылыстыратын таспалар көлік фарасының сәулесін кері қайтарады. Соның арқасында жүргізушілер жануарларды алыстан байқап, алдын ала жылдамдықты төмендетуге мүмкіндік алады.
«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, мұндай қарапайым профилактикалық шаралар жол-көлік оқиғаларының қаупін айтарлықтай азайтады.
Акция барысында мал иелеріне 225 жарық шағылыстыратын таспа таратылып, жануарларды қауіпсіз жаю талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ мұндай таспаларды тігін бұйымдары мен фурнитура дүкендерінен өз бетінше сатып алуға болатыны ескертілді.
Еске сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жаю әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл құқық бұзушылық үшін 3-тен 10 АЕК-ке дейін (12 975–43 250 теңге) айыппұл қарастырылған.