Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда автомобиль жолдарына арналған міндетті экологиялық талаптар енгізіледі

Қазақстанда автомобиль жолдарына арналған міндетті экологиялық талаптар енгізіледі

Жаңа норматив 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне еніп, жол құрылысының барлық кезеңін қамтиды

QazMonitor Logo
Фото: Руслан Пряников
Фото: Руслан Пряников

Қазақстанда автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына арналған бірыңғай міндетті экологиялық талаптар енгізіледі. Қазіргі уақытта мұндай ведомстволық нормативті «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) әзірлеп жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.

Жаңа құжатты 2026 жылдың соңына дейін бекіту, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланған.

Әзірленіп жатқан норматив автомобиль жолының өмірлік циклінің барлық кезеңін қамтиды. Құжатта топырақтың құнарлы қабатын сақтау, жерүсті және жерасты суларының қорғалуын қамтамасыз ету, ластаушы заттар мен шаң шығарындыларын азайту, шу деңгейін төмендету, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, сондай-ақ құрылыс аяқталғаннан кейін бүлінген аумақтарды қалпына келтіру талаптары көзделген.

ҚазжолҒЗИ мамандарының айтуынша, экологиялық қауіпсіздік қазіргі заманғы жол инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Жаңа норматив қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және жол жобаларын іске асыру кезінде бірыңғай экологиялық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінге дейін жол саласындағы экологиялық мәселелер негізінен ұсынымдық сипаттағы құжаттармен ғана реттеліп келсе, жаңа норматив бұл талаптарды міндетті орындауға тиіс ережелер деңгейіне көтереді.

Құжатта су ресурстарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарында жерүсті суларын бұру жүйесін ұйымдастыру, ластанған суды тазарту, тазартылмаған ағын сулардың су айдындарына ағызылуына жол бермеу және мұнай өнімдері төгілген жағдайда жедел әрекет ету тәртібі белгіленеді.

Жер ресурстарын қорғау бағытында да нақты талаптар енгізіледі. Нормативке сәйкес құрылыс басталар алдында топырақтың құнарлы қабаты міндетті түрде алынып, бөлек сақталады және кейін рекультивация кезінде пайдаланылады. Бұл жұмыстар аяқталған соң бүлінген жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құжатта биоалуантүрлілікті сақтау шаралары қарастырылған. Жолдарды жобалау мен салу кезінде жануарлардың мекендеу ортасы мен көші-қон жолдары, балықтардың уылдырық шашатын орындары және құстардың ұя салатын аумақтары ескеріледі. Қажет болған жағдайда арнайы қоршаулар орнату, ескерту белгілерін қою және басқа да қорғау шараларын қолдану талап етіледі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.