Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Үй жағдайында оңалту қызметі тағы төрт өңірде қолжетімді болады

Үй жағдайында оңалту қызметі тағы төрт өңірде қолжетімді болады

Жоба аясында 628 бала кешенді оңалтудан өтіп, 75%-ында оң өзгерістер байқалған

QazMonitor Logo
Funkcinės Terapijos Centras/Pexels
Funkcinės Terapijos Centras/Pexels

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларға арналған үй жағдайындағы кешенді оңалту қызметі тағы төрт өңірге кеңейтіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім болды, деп хабарлайды QazMonitor.

«QH Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Қазір бастама Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында іске асырылуда.

Жоба басталғалы 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өтіп, оларға 405 инновациялық техникалық оңалту құралы берілді. Бағдарламаға қатысқан балалардың шамамен 75%-ында, яғни 470 баланың дамуында оң өзгерістер байқалған. Оның ішінде 130 бала басын өздігінен нық ұстай алатын деңгейге жетсе, 76 бала өздігінен отыруды үйренген, 78 бала тірек құралдарының көмегімен тұруды меңгерген, ал 34 бала алғашқы қадамдарын жасаған.

Жоба аясында реабилитологтар цифрлық бақылау күнделігі арқылы балалардың жағдайын қашықтан бақылап, үйде жүргізілетін жаттығулардың нәтижесін бағалайды және қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасын түзетеді. Бұл тәсіл шалғай елді мекендердегі балаларға да қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Алдағы уақытта платформаға ата-аналарға арналған оқыту материалдары, логопедиялық жаттығулар және қосымша сүйемелдеу сервистері енгізіледі. Сондай-ақ ата-аналарға арналған тұрақты офлайн кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

Министрлік 2026 жылдың соңына дейін жобаны Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына кеңейтуді көздеп отыр. Ведомствоның мәліметінше, бұл қадам үй жағдайындағы оңалтудың бірыңғай ұлттық моделін қалыптастыруға және заманауи оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.