Алматы облысындағы туристер көп баратын Қайыңды көліне апаратын жаңа автожол тамыз айында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды QazMonitor Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта жолдың күрделі таулы бөлігін тегістеу жұмыстары толық аяқталып, асфальт төсеу жалғасып жатыр. Жоба аясында қарастырылған 42 су өткізгіш құбыр орнатылып, 2,5 шақырым жолға асфальт жабындысы төселді.
Ұзындығы 10 шақырым болатын автожолдың құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Жобаның жалпы құны – 2,43 млрд теңге. Биыл құрылысты аяқтауға жергілікті бюджеттен 1,37 млрд теңге бөлінді.
Жаңа жол іске қосылғаннан кейін Қайыңды көліне жету жеңілдеп, туристер үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынас қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бұл өңірдегі туристік ағынның артуына ықпал етеді.
Бұған дейін Алматы тау кластерін дамыту аясында Шымбұлақ, Almaty Superski және өзге де туристік аймақтарды байланыстыратын бірыңғай аспалы жол вокзалы салынатыны хабарланған болатын.