Шығыс Қазақстан облысында биыл 630 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа 57 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 37 млрд теңгесі республикалық, ал 20 млрд теңгесі жергілікті маңызы бар жолдарды жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Солардың бірі – Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айрығының құрылысы. Қазіргі уақытта нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Пермитин–Славский көшелеріндегі жолайрықтың құрылысы, Бобровка ауылындағы инфрақұрылымды жаңғырту, Күршім ауылының айналма жолын салу және Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ал Шемонаиха қаласындағы Үбі өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жобасы әзірленіп, мердігер ұйым анықталды. Сонымен қатар Өскеменде жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде.