Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды QazMonitor министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталған азаматтар лайк, қаралым және донат үшін ештеңеден тайынбай, шектен шығып жатыр. TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлауда. Ең өкініштісі - олардың әдепсіз әрекеттеріне күн сайын әлеуметтік желілердің өзге қолданушылары, әсіресе кәмелетке толмаған балалар куә болды», делінген ведомство таратқан ақпаратта.
ІІМ мәліметінше, TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынған.
«Алматы қаласында 32 жастағы тұрғыны тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шымкент қаласында 20 жастағы азамат аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды», деп қосты министрлікте.
Бұған қоса, Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен 41 жастағы азамат бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Бұл әрекеті үшін оған әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ осы өңірдің 19 жастағы екі тұрғыны TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» үшін контент жасағаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Анонимді аккаунттың немесе телефон экранының ар жағында жасырынып қаламын деп ойламаңыздар. Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады», - деп ескертті департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.