Мемлекет басшысының Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жөніндегі тапсырмасы аясында Ақмола облысында су айдынын «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына енгізу жұмыстары басталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Қазіргі уақытта көл аумағында табиғатты қорғау шаралары кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Су айдынына іргелес аумақта қоршаулар мен ақпараттық тақталар орнатылған. Алдағы уақытта келушілерге арналған арнайы автотұрақ пен шолу алаңдарын салу жоспарланып отыр. Бұл табиғи нысанды қоршаған ортаға зиян келтірмей тамашалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Көбейтұз көлінің аумағында бірқатар шектеулер күшіне енеді. Атап айтқанда, көлге автокөлікпен кіруге, жағалау аймағына баруға, шомылуға, сондай-ақ тұз бен емдік балшық жинауға толық тыйым салынады. Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлері аумақты тәулік бойы күзетеді.
Бұл шаралар соңғы жылдары антропогендік әсерден айтарлықтай зардап шеккен көлдің бірегей экожүйесін сақтауға бағытталған. Ақмола облысының әкімдігі тұрғындар мен туристерді табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Астанадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлі ерекше қызғылт түсімен танымал. Табиғаттың осы сирек құбылысы жыл сайын мыңдаған туристі тартып, көлге келушілер санын арттырып келеді.