Қарағанды облысында 14 теміржол вокзалы мен жолаушылар платформасы жаңғыртылды. Бүгінде жаңғыртылған 11 нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды QazMonitor Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жолаушылар Нұра, Қарағанды-Сұрыптау, Жаңа Қарағанды, Сарыбел, Мырза, Дәрия, Ағадыр және Мойынты стансаларындағы жөндеуден өткен вокзалдарды, сондай-ақ Айса, Теміртау және Қарағанды-Сұрыптау стансаларындағы жаңартылған жолаушылар платформаларын пайдаланып жүр. Ал Жарық, Балқаш-2 және Сарышаған стансаларындағы жұмыстар аяқталу сатысында.
Әрбір нысанды реконструкциялау кешенді жаңғыртуды көздейді. Оның аясында ғимараттар мен платформаларға күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік коммуникациялар, соның ішінде сумен жабдықтау, жылумен қамту, электрмен жабдықтау және кәріз жүйелері толық ауыстырылуда.
Сондай-ақ ғимараттардың қасбеттері мен ішкі бөлмелері, күту залдары, санитарлық тораптар, жарықтандыру жүйесі, жиһаздар мен навигациялық көрсеткіштер жаңартылып, вокзал маңы аумақтары мен жолаушылар перрондары абаттандырылуда.
Жобада кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Вокзалдарда пандустар орнатылып, қолайлы санитарлық бөлмелер мен мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға және балалы отбасыларға арналған күту орындары жабдықталған. Бұл теміржол инфрақұрылымын халықтың барлық санаты үшін барынша қолжетімді әрі жайлы етуге мүмкіндік береді.