Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Қазтізілімде» үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатты онлайн алуға болады

«Қазтізілімде» үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатты онлайн алуға болады

Енді уәкілетті компаниялар өтінімді электрондық форматта беріп, рұқсатты сегіз жұмыс күні ішінде ала алады

QazMonitor Logo
Фото: Руслан Пряников
Фото: Руслан Пряников

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай цифрлық жүйесі – «Қазтізілімде» жаңа функция іске қосылды. Енді уәкілетті компаниялар тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алу үшін өтінімді толықтай электрондық форматта бере алады, деп хабарлайды QazMonitor.

Жаңа қызмет толық цифрлық форматта көрсетіледі. Өтінімді үлескерлердің қаражатын тартуды жоспарлап отырған уәкілетті компания «Қазтізілім» жүйесі арқылы жолдайды, ал оны жергілікті атқарушы органдар қарайды.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – өтінім жүйеге келіп түскен сәттен бастап 8 жұмыс күні. Қарау қорытындысы бойынша өтініш беруші үлескерлердің қаражатын тартуға электрондық рұқсат алады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу басқармасының басшысы Біржан Елеусіздің айтуынша, жаңа мүмкіндік рұқсат алу рәсімін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметті көрсету үдерісін жеделдетеді.

«Бұл жаңа мүмкіндік рұқсат алу үдерісін мейілінше ыңғайлы әрі тиімді етеді. Өтінімдерді беру және қарау бірыңғай цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл уәкілетті компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді, қағаз құжат айналымын қысқартады, құжаттарды өңдеу уақытын жеделдетеді және мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай әрі ашық тәртібін қамтамасыз етеді», – деді ол.

Министрліктің мәліметінше, жаңа функцияның іске қосылуы құрылыс саласын цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстандық тұрғын үй компаниясымен бірлесіп, «Қазтізілім» жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту және үлестік құрылыс нарығының цифрлық экожүйесін одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.