Қазақстан мен Қытай арасында жаңа өңірлік әуе бағыттары ашылады. Бұл туралы Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен «Urumqi Airlines» әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лян мырзаның кездесуінен кейін белгілі болды, деп хабарлайды QazMonitor министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қытай тарапы Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша жаңа тұрақты рейстер ашу жоспарлары туралы хабарлады.
«Өз кезегінде қазақстандық тарап Өскемен және Семей қалаларына, сондай-ақ алдағы уақытта Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама туризмді дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді», делінген министрлік ақпаратында.
«Urumqi Airlines» әуе компаниясы Қытайда өндірілген COMAC C909 әуе кемелерін пайдаланады.
«Осыған байланысты тараптар Қазақстанда COMAC әуе кемелерін қолдана отырып, өңірлік тасымалдарды жүзеге асыратын бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады. Аталған әуе компаниясы Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары басқа да қалаларға рейстер орындауға мүмкіндік береді», деп қосты ведомствода.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.