Көктөбе саябағында аумағы 4 гектар болатын жаңа серуендеуге арналған бағыттар, шолу алаңдары мен Алматының көркем көрінісі ашылатын жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаның басты ерекшелігі – гүлдеу кезеңінде тау бөктеріне ерекше көрік беретін лаванда террасалары. Мұнда ерте көктемнен күз соңына дейін сәнін жоғалтпайтын 20-дан астам көпжылдық өсімдік, сәндік бұта мен астық тұқымдас өсімдіктер егілген. Ландшафтық композицияны гортензия, тобылғы, шатыраш, көкжалбыз, қызылкүрең және сәндік астық тұқымдас өсімдіктер толықтырады.
Жобаны іске асыру барысында табиғи жер бедерін сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Беткейлер эрозиядан қорғау үшін габион құрылымдарымен бекітіліп, келушілердің жайлы серуендеуі үшін табиғи ландшафтпен үйлесімді кіріктірілген жүргінші жолдары, баспалдақтар және шолу алаңдары салынды.
Жаңа қоғамдық кеңістік келушілер үшін ашық. Гүл композициялары саябақтың әр тұсынан анық көрінеді, ал серуен бағыттарынан Алматы қаласы мен Іле Алатауының әсем көрінісі ашылады.