Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда кинопрокат нарығына ортақ талаптар енгізілуі мүмкін

Қазақстанда кинопрокат нарығына ортақ талаптар енгізілуі мүмкін

БҚДА кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара жұмыс тәртібін нақтылауды ұсынды

QazMonitor Logo
Фото: kapital.kz
Фото: kapital.kz

Қазақстанда кинопрокат саласындағы бәсекелестікті дамыту үшін бірыңғай жұмыс ережелерін енгізу ұсынылды. Бастаманы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көтерді, деп хабарлайды QazMonitor.

Агенттік мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде Қазақстанның талданған аумағындағы кинопрокат қызметтері нарығының көлемі 76,2 млрд теңгеге жеткен. Зерттеу барысында нарықтағы 60-тан астам компанияның қызметі зерделенді.

Талдау нәтижесі кинопрокат нарығында бәсекелестіктің жоғары деңгейде емес екенін көрсетті. Нарықтағы жетекші позицияны Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі иеленсе, екінші ірі қатысушы ретінде Chaplin Cinemas аталды. Кейбір өңірлерде кинопрокат қызметін бір немесе екі ғана компания көрсетеді.

Агенттік өкілдерінің пікірінше, саладағы негізгі мәселелердің бірі – кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібінің болмауы. Фильмдерді көрсету құқығын беру шарттары кинотеатрлардың репертуарын қалыптастыруына және көрермендердің жаңа фильмдерге қол жеткізуіне тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты БҚДА кинопрокат қызметін жүзеге асырудың бірыңғай қағидаларын әзірлеуді ұсынды. Сонымен бірге дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасында қолданылатын үлгілік шарт енгізу және нарықты бақылау тетіктерін жетілдіру ұсынылып отыр.

Агенттіктің бағалауынша, бұл шаралар нарық қатысушыларының фильм контентіне тең қол жеткізуіне жағдай жасап, кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын арттырады. Сондай-ақ бұл кинопрокат саласындағы адал бәсекелестіктің дамуына ықпал етуі тиіс.

Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық фильмдер 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 жүлдеге ие болды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.