Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Семейде 35 метрлік Мемлекеттік Ту тұғыры бар Рәміздер алаңы ашылды

Семейде 35 метрлік Мемлекеттік Ту тұғыры бар Рәміздер алаңы ашылды

Жаңа қоғамдық кеңістік «Абайға құрмет» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде бой көтерді

QazMonitor Logo
Фото: Абай облысының әкімдігі
Фото: Абай облысының әкімдігі

Семейде Абай күніне орай «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңы ашылды, деп хабарлайды QazMonitor.

Нысан Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне жасаған тартуы ретінде алты айға жетпейтін уақытта салынған.

«Рәміздер алаңы» Бейбітшілік (Түйемойнақ) аралында орналасқан. Алаңның жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Дөңгелек пішінде жобаланған нысанның диаметрі – 28 метр. Оның негізгі бөлігі – биіктігі 35 метр Мемлекеттік Ту тұғыры. Елтаңба мен Әнұран мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан.

Алаңда жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік, демалыс орындары, орындықтар мен көгалдандырылған гүлзарлар қарастырылған. Бұдан былай мемлекеттік рәміздерге қатысты ресми шаралар осы алаңда өткізіледі.

Бейбітшілік аралында бұған дейін «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стэлласы бой көтерген. Биыл аталған нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, аумағы абаттандырылды.

Алдағы уақытта Бейбітшілік аралында Президенттің тапсырмасына сәйкес аумағы 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салу жоспарланып отыр.

«Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде өзге де өңірлердің тартуы ретінде бірқатар нысан бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы Достық үйін, Шымкент шығармашылық орталығын, Алматы медиаорталықты, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын салуда. Ақтөбе облысының Жекпе-жек сарайының құрылысы да басталды.

Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, ал Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.

Акцияға ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қатысуда. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда стадион құрылысын бастады. Жеке қоғамдық қор 5 мың адамға арналған мешіт салуда. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызуға кірісті.

Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөзде, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Семейде «Қазақстан халқына» қорының Инклюзивті спорт орталығы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Болашақ сарайы» нысандарының құрылысы басталады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.