ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «электрондық үкімет жүйесі бұзылды» деген мәліметті растаған жоқ. Бұл туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Министрлік Қазақстан азаматтарының жеке деректері астыртын желіде (даркнетте) тарады деген ақпараттан хабардар. Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірге бұл мәліметтер тексеріліп жатыр: деректер үлгілері талданып, олардың қайдан шыққаны анықталуда. Әзірге электрондық үкімет жүйелерінің бұзылғаны немесе бұл базаның тікелей eGov жүйесінен ұрланғаны туралы нақты дерек жоқ», — деп хабарлады ЖИМ.
Ведомство бұл жазбалардағы ақпараттың бір бөлігі электрондық үкіметтегі деректердің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтініне назар аудартты. Тіпті eGov жүйесінде төлқұжат скан-көшірмелері мұндай пішінде сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы мүлде басқа. Сондықтан Даркнет пайдаланушысының сөзі eGov бұзылды дегенге дәлел бола алмайды, деп атап өтті. Техникалық тексеру әлі де жалғасуда. Оның нәтижелері қосымша хабарланады.
Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеді: SMS-кодтарды, құпия сөздер мен ЭЦҚ кілттерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және әртүрлі сервистерге бөлек құпия сөз қою керек.
Еске сала кетейік, шілде айында бұл ведомство Daryn.online сервисінің 4,2 млн пайдаланушысының деректері тарап кетті деген ақпаратты теріске шығарған болатын.