Astana Hub Tech Orda бағдарламасының бесінші, мерейтойлық маусымына өтінім қабылдауды бастады. Бағдарламаға 18-ден 45 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады, деп хабарлайды QazMonitor жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушылар еліміздің барлық өңіріндегі аккредиттелген IT-мектептерде білім алуға ваучер алады. Оқу форматына қарай ваучер көлемі офлайн оқу үшін 500 мың теңгеге дейін, онлайн немесе гибридті формат үшін 400 мың теңгеге дейін жетеді.
Tech Orda – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен іске асырылатын Astana Hub бағдарламасы. Оның негізгі мақсаты – білікті IT-мамандар даярлау және Қазақстандағы жеке IT-білім беру инфрақұрылымын дамыту.
«Технологиялар саласындағы адами капиталды дамыту – Қазақстанның цифрлық трансформациясының негізгі басымдықтарының бірі. Tech Orda бағдарламасы қазақстандықтарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, ал бизнеске білікті кадрларға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Бағдарлама аясында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, деректерді талдау, Cloud & DevOps, GameDev, өнім менеджменті, UI/UX-дизайн және басқа да цифрлық бағыттар бойынша білім алуға болады.
Tech Orda түлектерінің 90%-ы жұмысқа орналасқан
2021–2026 жылдары Tech Orda бағдарламасы бойынша 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алған. Мониторинг нәтижесіне сәйкес, экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан. Олардың орташа жалақысы 725 мың теңгені құрайды. Бұл елдегі орташа айлық жалақыдан шамамен 43%-ға жоғары.
Бағдарлама арқылы 3,2 мыңнан астам адам мамандығын ауыстырып, IT саласындағы мансабын бастаған.
Tech Orda түлектерін жалпы саны 1 287 компания жұмысқа қабылдаған. Олардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY және Accenture бар.
Сонымен қатар бағдарламаға қатысатын IT-мектептердің 30%-дан астамы өңірлерде орналасқан. Бұл IT-білімге қолжетімділікті тек Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де кеңейтуге мүмкіндік береді.
Tech Orda-ға өтінім қабылдау 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысу талаптары, аккредиттелген IT-мектептердің тізімі және тіркелу туралы толық ақпаратты Astana Hub платформасынан алуға болады. Қосымша ақпаратты таңдалған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы білуге болады.