Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында спорт мектептеріне балаларды тегін қабылдау және іріктеу басталды. Биыл жас спортшыларға 62 спорт түрі бойынша жаттығу мүмкіндігі ұсынылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазір қалада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Оның 39-ы олимпиадалық спорт түрі болатын 62 бағытта балалар мен жасөспірімдер спортпен тегін айналысады. Бүгінде спорт мектептерінде шамамен 8 мың бала тәрбиеленіп жатыр.
Негізгі қабылдау және топтарды жасақтау тамыз-қыркүйек айларында өтеді. Балаларға көркем және спорттық гимнастика, батутта секіру, спорттық құзға өрмелеу, биатлон, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, грек-рим және әйелдер күресі, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, суға секіру, садақ ату, стенд атудан спорттық ату, жеңіл атлетика, футбол, футзал және шайбалы хоккей секциялары ұсынылады.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамовтың айтуынша, қабылдау кезінде баланың жасы, физикалық көрсеткіштері, қабілеті және таңдалған спорт түріне қойылатын талаптар ескеріледі.
Мәселен, көркем және спорттық гимнастикаға 2020 жылы туған балалар қабылданады. Батутта секіру бөліміне 2019-2021 жылдары туған балалар шақырылады. Спорттық құзға өрмелеуге 2017-2020 жылдары туған, алты жасқа толған балалар қатыса алады. Қосымша ақпаратты 28-25-61 телефоны арқылы алуға болады.
Қысқы спорт түрлері бойынша биатлонға 9-16 жастағы, шаңғы жарысына 9-11 жастағы балалар қабылданады. Конькимен жүгіру бөліміне де іріктеу жүргізіліп жатыр. Биатлон бойынша – +7 707 152 52 48, шаңғы жарысы бойынша – +7 701 684 98 73, конькимен жүгіру бойынша – +7 701 999 28 95 телефондарына хабарласуға болады.
Жекпе-жек түрлері бойынша 10-14 жастағы ұлдар грек-рим күресіне, 10-16 жастағы қыздар әйелдер күресіне қабылданады. Байланыс телефондары: +7 702 209 27 82 және +7 701 236 06 96.
Су спорттары бойынша академиялық есуге, байдарка мен каноэде есуге 2014-2016 жылдары туған балалар қабылданады. Бұл секцияларға жыл бойы қосылуға болады. Ал 2017-2019 жылдары туған балалар арасында суға секіру бойынша іріктеу 24-29 тамыз аралығында өтеді. Байланыс телефоны: 8 (7172) 36-93-50.
Жеңіл атлетика бөліміне 9-11 жастағы балалар қабылданады. Толық ақпаратты 57-56-17 телефоны арқылы алуға болады.
Командалық спорт түрлерінен футбол мен футзалға да қабылдау жүріп жатыр. 2019 жылы туған балалар спорт мектебіне қабылданса, 2010-2018 жылдары туған ұлдар мен қыздар тиісті бөлімдерге іріктеуден өтеді. Қосымша ақпарат @sdushor_8 Instagram парақшасында жарияланады.
Атыс спорт түрлері бойынша қабылдау 1 қыркүйектен басталады. Садақ атуға 10-13 жастағы, стенд атудан спорттық атуға 12-13 жастағы балалар қатыса алады. Байланыс телефоны: +7 702 829 28 90.
Шайбалы хоккей секциясына 2021 жылы туған ұлдар шақырылады. Сонымен қатар 5-16 жастағы қыздар да мұз үстіндегі спорт түрімен айналыса алады. Қосымша ақпаратты 26-61-77 телефоны арқылы алуға болады.
Қабылдау мерзімі, жас ерекшеліктері мен іріктеу талаптары туралы толық ақпарат Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми ресурстарында және елордадағы спорт мектептерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.