Алматы тау кластері жобасын жүзеге асыру практикалық кезеңге өтті. «дайындық жұмыстары «Шымбұлақ» курортында, сондай-ақ Бұтақты және Кімасар шатқалдарында басталды. Бұл туралы Almaty Tau Management» компаниясы хабарлады.
Компания мәліметінше, «Шымбұлақта» екі жаңа көтергіш — төрт орындық аспалы жол мен сүйретпелі көтергіш салынып жатыр. Олар курорттың өткізу қабілетін арттыруға, келушілер санын тиімді бөлуге және шаңғы тебу жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұтақты шатқалында болашақ аспалы жол станцияларына арналған алаңдар дайындалып, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Құрылыс техникасының жүруі және инженерлік желілерді тарту үшін «Бұтақты – 2000 м» бағыты бойынша технологиялық жол салу жұмыстары басталды. Бұл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріспес бұрын атқарылатын қажетті кезең. Ол шамамен 2–3 аптаға созылады.
Кімасар шатқалында болашақ базалық станция орналасатын құрылыс алаңы дайындалды. Барлық учаскеде жасыл желектер зерттеліп жатыр. Мамандар ағаштардың қазіргі жағдайы мен орналасуын тіркеп, кейінгі жобалау кезінде табиғи ландшафтты ескеруге және оған әсерді барынша азайтуға мән береді. Ағаштарды таңбалау — оларды зерттеу және есепке алу рәсімінің бір бөлігі.
Еске салайық, Алматы тау кластері «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларының бірыңғай жүйесі арқылы біріктіруді көздейді.