Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бастапқы әскери дайындық (БӘД) пәні жаңартылған бағдарлама бойынша оқытыла бастайды, деп хабарлайды QazMonitor.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, пән мазмұнына енгізілген негізгі өзгерістер, заңнамадағы жаңалықтар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған.
«1 қыркүйектен бастап пән «Бастапқы әскери дайындық» атауын қайта иеленіп, оқыту форматы түбегейлі өзгереді. Бұл өзгерістер пәннің мазмұнына және педагогтерді даярлау тәсілдеріне де қатысты. Енді оқытушылардың біліктілігін арттыру әскери оқу орындарында ұйымдастырылады. Бұл олардың практикалық даярлығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек заңнамада педагогтердің әскери өтілі болуы да қарастырылған», – деді Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякина.
БӘД сабақтарында ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар технологияларын оқыту әдістері, қосымша білім беру жүйесіндегі жастардың әскери қызметке дейінгі даярлығын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, әскери-спорттық және әскери-қолданбалы жарыстарды білім беру үдерісінде тиімді пайдалану жолдары ұсынылды.