Қарағанды облысында қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіретін жаңа өндірістік кешен бой көтеріп жатыр. Нысан Новодолинский кентіндегі орман тәлімбағының аумағында салынады, деп хабарлайды QazMonitor облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба өңірде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты 1 млн-ға дейін көшет болады. Қазір құрылыс алаңында аумақты дайындау және геодезиялық өлшеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа кешен жылыжай мен өндірістік ғимараттарды қамтиды. Құрылыс жұмыстарын бір жыл ішінде аяқтау жоспарланған.
Жылыжай технологиясы көшет өсіру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Ашық жерде қылқан жапырақты көшетті өсіруге шамамен екі жыл қажет болса, жаңа кешенде бұл уақыт бір жылға дейін қысқарады. Жабық тамыр жүйесі өсімдіктің отырғызылғаннан кейін жақсы жерсінуіне ықпал етеді.
Жылыжайда суару мен климатты бақылау процестері автоматтандырылады. Атап айтқанда, тұманды суару жүйесі өсімдіктерге қажетті ылғалдылықты қамтамасыз етсе, климат-бақылау жабдығы олардың өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырады.
«Көшеттерді жылдамырақ өсіруге мүмкіндік туады. Соның арқасында облыс сапалы отырғызу материалымен көбірек қамтамасыз етіледі. Жылыжайдағы процестер автоматтандырылып, тұманды суару мен климатты бақылау жүйелері қолданылады», – деді Қарағанды ормандарды қорғау және жануарлар дүниесі шаруашылығының орманды молықтыру және орман өсіру жөніндегі инженері Эдуард Крюков.
Жобаның тағы бір нәтижесі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Кешенде шамамен 10 адам еңбек етеді.
Мамандардың айтуынша, көшетті өсірумен қатар, оның ағашқа айналуына бірнеше жыл қажет. Мысалы, екі жылдық көшеттің биіктігі небәрі 10–15 сантиметр болады. Бір метрге дейін өсуіне тағы 6-7 жыл керек.
Сонымен бірге облыста тұрақты орман тәлімбағының аумағы кеңейтіліп жатыр. Оның жалпы көлемін 80 гектарға жеткізу көзделген. Мұнда өсірілетін көшеттер өңірдегі орман шаруашылықтарының қажеттілігін өтеуге және орманды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталады.
Қарағанды облысында орман қорын ұлғайту жұмыстары да жалғасуда. Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде ормандарды молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспары іске асырылып жатыр.
2027 жылға дейін облыста 2310 гектар аумаққа 7 млн көшет отырғызу жоспарланған. Биыл көктемгі науқан кезінде 560 гектар жерге 2,1 млн-нан астам көшет егілді. Күзде тағы 63 гектар аумаққа ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Қазақстанда орман тәлімбақтарын дамыту бойынша басқа да жобалар жүзеге асуда. Мәселен, Қонаевта 6 млн көшетке арналған орман тәлімбағын құру жоспарланған.
Бұған дейін Қазақстанның алты өңірінде жаңа орман тәлімбақтарын ашу жоспарланғаны хабарланған еді. Жобалардың жалпы құны 21,2 млрд теңге, әр нысанға шамамен 3,5 млрд теңгеден қарастырылған. Алматыда 150 гектар аумақта ағаштар мен бұталар өсірілетін ірі орман тәлімбағын құру жобасы қолға алынған.