Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жобасы іске қосылады

Қазақстанда әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жобасы іске қосылады

Жоба қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйелдерге нақты көмек көрсетуге бағытталған

QazMonitor Logo
Kampus Production/Pexels
Kampus Production/Pexels

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қоры әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін дамыту жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды QazMonitor.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Құжатқа еңбек министрі Асқарбек Ертаев, Yandex Qazaqstan компаниялар тобының басшысы Тимур Шалекенов және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Толқын Саметова қол қойды.

Жоба цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін, қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйел курьерлерге көмек көрсетуге бағытталған. Әр өтініш жеке қаралып, отбасының қажеттілігі мен өмірлік жағдайына қарай қолдау түрі анықталады.

Меморандум аясында әйелдердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беру, қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға жәрдемдесу, сондай-ақ білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік жасау көзделген. Қажет болған жағдайда құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету, медициналық қызмет алуға жәрдемдесу де қарастырылған.

Жоба әзірге пилоттық режимде іске асырылады. Оған Yandex Go қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын және осы сервистерді кемінде төрт апта пайдаланған әйелдер қатыса алады. Сонымен қатар олардың қиын немесе дағдарысты жағдайда болуы ескеріледі.

Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматшаларға басымдық беріледі. Олардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар тұлғалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын әйелдер бар.

Жоба нәтижесінде тараптар әйел курьерлердің әлеуметтік қолдауға қажеттілігін зерделеп, көрсетілген көмектің тиімділігін бағалайды. Бұл тәжірибе алдағы уақытта қолдау тетіктерін жетілдіріп, жобаны кеңейтуге негіз болмақ.

Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі туралы ақпаратты Yandex Pro мобильді қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінен және «Әйел курьерлерге көмек» мақаласынан алуға болады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.