№4 қалалық клиникалық аурухана базасында травматология және ортопедия саласындағы медициналық көмектің толық циклі жолға қойылды, деп хабарлайды QazMonitor.
№4 қалалық клиникалық аурухана базасында ауыр жарақат алған және тірек-қимыл аппараты аурулары бар пациенттерге көмек көрсетуге арналған өңірлік травматология және ортопедия орталығы құрылды.
Медициналық нысан шұғыл диагностикадан бастап жоғары технологиялық ота, емдеу, қалпына келтіру және медициналық оңалтуға дейінгі көмектің толық циклін қамтамасыз етеді. Қызметтер ТМККК және МӘМС аясында көрсетіледі.
Орталықта ауыр жарақаттар мен сынықтарға байланысты күрделі және жоғары технологиялық оталар жасалады. Эндопротездеу, реконструктивті және аз инвазивті араласулар жүргізіліп, зақымданған сүйектер мен буындарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылады.
«Өңірлік травматология және ортопедия орталығының құрылуы жарақаттар мен тірек-қимыл аппараты ауруларын диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдерін біріктіруге, мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық қызметтің барлық деңгейінде емдеу сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Орталық мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған алаңға айналады.
№4 Қалалық клиникалық аурухана жыл сайын 19 мыңнан астам пациент қабылдап, шамамен 12 мың ота жасайды. 2025 жылы ірі буындарды эндопротездеу бойынша 2250 ота жүргізілген.
Орталықты құру аясында қабылдау бөлімінің тұжырымдамасы толық жаңартылып, Алматы қаласы мен Алматы облысының травматологиялық қызметтері арасындағы өзара үйлестіру күшейтілді.
Аурухана аумағында Алматыдағы қала стационарлары арасында жалғыз тікұшақ алаңы жұмыс істейді. Ол ауыр жарақат алған пациенттерді, оның ішінде ТЖМ құтқарушылары таулы және жетуі қиын аймақтардан эвакуациялаған адамдарды жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Орталық құру бастамасы бұған дейін жарақаттану, жедел медициналық көмек және медициналық авиация мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің оң бағасын алған.
Орталықтың ашылуы барысында серіктес банк №4 Қалалық клиникалық ауруханаға жаңа жедел жәрдем көлігін табыстады.