Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда тұрғын үй қорын цифрлық түгендеу басталады

Қазақстанда тұрғын үй қорын цифрлық түгендеу басталады

Еліміздегі көппәтерлі үйлер туралы мәлімет бірыңғай тізілімге жинақталады

QazMonitor Logo
Natalie Dmay/Pexels
Natalie Dmay/Pexels

Қазақстанда тұрғын үй қорын жаппай түгендеу басталады. Оның аясында елдегі барлық көппәтерлі үйлер туралы мәлімет бірыңғай тізілімге енгізіледі. Тізілімде үйлердің мекенжайы, қабат саны, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар саны, техникалық жай-күйі, лифтілер мен есепке алу аспаптарының жағдайы туралы ақпарат қамтылады, деп хабарлайды QazMonitor.

Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң талаптарын орындау, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы, күрделі жөндеу мен техникалық тексеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау шеңберінде жүргізіледі.

Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабында белгіленген көппәтерлі тұрғын үй анықтамасына сәйкес келетін барлық ғимараттарды қамтиды. Оларға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен және екі немесе одан да көп пәтерден немесе тұрғын емес үй-жайдан тұратын жеке тұрған ғимараттар жатады.

Есепке үйдің қабатына, меншік иелерінің санына, тіркелген кондоминиум объектісінің болуына және басқару нысанына қарамастан барлық ғимараттар алынады. Олардың қатарында ауылдық елді мекендердегі екі және төрт пәтерлі үйлер, сондай-ақ басқару нысаны әлі анықталмаған тұрғын үйлер де бар.

Әрбір үй тізілімде бірыңғай кілтке – мекенжайдың тіркеу кодына (МТК) ие болады. Осы код арқылы басқа ақпарат көздерінен алынған мәліметтер үйге бекітіледі. Олардың ішінде ғимараттың техникалық сипаттамалары, сандық және сапалық көрсеткіштері, үй-жайлар туралы ақпарат, басқару нысаны мен лифтілердің жай-күйі, инженерлік желілерге және есепке алу құралдарына қосылу туралы деректер бар.

Мәліметтерді беру тәртібі тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпаратты қалыптастыру, өңдеу, орталықтандырылған жинау және сақтау қағидаларында белгіленген. Қағидаларға сәйкес, қажетті деректерді беруге жергілікті атқарушы органдар, табиғи монополиялар субъектілері, мүлік иелерінің бірлестіктері, мүлік иелерінің кооперативтері және басқа да басқару субъектілері міндетті.

Бұл ретте түгендеу барысында меншік иелерінің дербес деректері жиналмайды. Атап айтқанда, олардың тегі, жеке сәйкестендіру нөмірлері, құқық белгілейтін құжаттары және берешегі туралы мәліметтер тізілімге енгізілмейді.

Жаңа тізілім тұрғын үй қорын басқару және жаңғырту жөніндегі шешімдерді нақты деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, лифтілерді күрделі жөндеуге және ауыстыруға мұқтаж үйлердің нақты тізімі жасалады. Сонымен қатар үйлердің есепке алу аспаптарымен қамтылу деңгейін анықтап, орташаланған бағалауларға емес, нақты көрсеткіштерге сүйене отырып, өңірлердің инженерлік желілерді жаңғыртуға қажеттілігін есептеуге болады.

Бұдан бөлек, бірыңғай ақпараттық база коммуналдық төлемдер бойынша есеп айырысудың дұрыстығын бақылауға, сондай-ақ ПИК, МИБ және басқарушы компаниялар арасындағы атқарушылық құжаттаманы жүргізу мен жұмыс тәртібін жетілдіруге мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.