Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда автосақтандыру төлемдерін қолма-қол алу тоқтатылады

Қазақстанда автосақтандыру төлемдерін қолма-қол алу тоқтатылады

2026 жылғы қазаннан бастап сақтандыру өтемақысы зардап шеккен жүргізушілердің банк шоттарына аударылады

QazMonitor Logo
Фото: Руслан Пряников
Фото: Руслан Пряников

Қазақстанда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖ МС) бойынша төлем жасау тәртібі өзгереді. 2026 жылғы 21 қазаннан бастап жол-көлік оқиғасынан кейінгі сақтандыру өтемақысы тек зардап шеккен азаматтардың банк шоттарына аударылатын болады, деп хабарлайды QazMonitor  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа тәртіпке сәйкес, сақтандыру компаниялары төлемді банк арқылы аударуға байланысты комиссиялық шығындарды өздері өтейді. Яғни сақтандыру төлемінен банктік комиссия ұсталмайды және өтемақы алушыға қаражат толық көлемде беріледі.

Агенттіктің мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – сақтандыру төлемдерінің ашықтығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және саладағы цифрлық сервистерді дамыту.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу сақтандыру төлемдерін реттеу кезінде қолданылуы мүмкін ашық емес схемаларды азайтып, қаражаттың тікелей зардап шеккен адамға түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тиісті өзгерістер «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңның 25-бабына енгізілді.

Айта кетейік, Қазақстанда сақтандыру саласына қатысты бірқатар жаңа бастама қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, азаматтардың тіркелген тұрғын үйін жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттерінен міндетті сақтандыру ұсынылды.

Сонымен бірге міндетті автосақтандыру жүйесін жаңарту жоспарланған. Полис құнын әр жүргізуші үшін жеке есептеу көзделеді. Бұл ретте жүргізушінің еңбек өтілі, көлік жүргізу мәнері және апатқа ұшырау көрсеткіші ескерілмек.

Бұдан бөлек, сақтандыру компанияларына исламдық терезелер ашуға рұқсат беру ұсынылып отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың сақтандыру өнімдерін таңдау мүмкіндігін кеңейтуді де жоспарлап отыр. Сондай-ақ сақтандыру агенттері мен брокерлерінің функцияларын нақты ажырату және қазақстандықтарға зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлерін ұсыну мәселелері қарастырылуда.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.