Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Еңбек шарты, айыппұл мен биржа: Жұмыс берушілер қандай жаңа ережелерді сақтауы тиіс?

Еңбек шарты, айыппұл мен биржа: Жұмыс берушілер қандай жаңа ережелерді сақтауы тиіс?

Енді еңбек биржасында бос орынды жарияламағандарға айыппұл салынады

QazMonitor Logo
Фото: Ұлттық статистика бюросы
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерді жұмысқа қабылдағанға дейін бос жұмыс орындарын Enbek.kz сайтына орналастыруға міндетті. Ал азаматтың жұмысқа орналасқаны туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде есепке алынады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

ҚР заңнамасына сәйкес, жұмыс берушілер барлық бос жұмыс орындары туралы мәліметті олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz сайтына орналастыруға міндетті. Бұл ретте бос жұмыс орны қызметкерді ресми түрде жұмысқа қабылдағанға дейін жариялануы керек. Белгіленген тәртіптің сақталуы бос жұмыс орындары туралы ақпараттың өзекті болуын қамтамасыз етеді. Бірыңғай цифрлық платформа азаматтарға қолжетімді жұмыс орындары жөніндегі мәліметтерді ұсынады.

Бос жұмыс орындарын белгіленген мерзімде жарияламағаны, сондай-ақ алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босатылатыны туралы мәліметті ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заңбұзушылықтың сипаты мен қайталануына қарай ескерту жасалады, ал қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

Министрлік жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтардың жұмысқа орналасуын есепке алу тәртібіне де ерекше назар аударады. Жұмысқа орналасқан жағдайда, бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына тиісті ақпарат беруге міндетті. Алайда азаматтың мансап орталығына хабарласпауы оның мәртебесін жаңартуға кедергі болмайды. Атап айтқанда, азаматты есептен автоматты түрде шығаруға Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде электрондық еңбек шартының тіркелуі немесе жұмыс берушінің алғашқы міндетті зейнетақы жарнасын аударуы негіз болуы мүмкін.

Осылайша, жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет белгіленген тәртіппен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге түссе, оған қосымша мансап орталығына барып, есептен шығу үшін өтініш берудің қажеті жоқ.

Сонымен қатар Еңбек министрлігі жұмыс берушілерді қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде заңда белгіленген талаптарды сақтауға шақырды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарын Enbek.kz сайтына уақытында жариялап, қызметкер жұмысқа қабылданған кезде электронды еңбек шартын тіркеу және міндетті әлеуметтік әрі зейнетақы аударымдарын уақытылы жүргізу қажет.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.