Қазақстанда интернет-алаяқтықтың саны төмендегеніне қарамастан (14,8%, 17,2 мыңнан 14,6 мыңға дейін), қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануды жалғастыруда, деп хабарлайды QazMonitor Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, тек соңғы бір айдың ішінде елімізде алаяқтардың өздерін «eGov» қызметкерлері ретінде таныстырған 30 жуық дерегі тіркелген.
«Әдетте алаяқтар азаматтарға олардың атынан ЭЦҚ рәсімделгені немесе өзге де әрекеттер жасалғаны туралы жалған ақпарат береді. Одан кейін әңгімеге олардың сыбайластары қосылып, заңсыз несие рәсімдеудің алдын алу сылтауымен жәбірленушілерді өздері көрсеткен шоттарға ақша аударуға көндіреді», делінген ақпаратта.
Осындай жағдайлардың бірінде Тараз қаласының тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін «eGov» қызметкері ретінде таныстырып, оның атына ЭЦҚ шығарылғанын хабарлаған.
Кейін WhatsApp арқылы онымен басқа адамдар байланысып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін айтқан. Алаяқтардың арбауына түскен әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам қаражат аударған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады. Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейді.
Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпия сөздерді, банк карталары мен ЭЦҚ деректерін бермеңіз, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аудармауға кеңес берді.