2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда пилоттық жоба аясында жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Жаңа ережелерге сәйкес, уақытша қаржылық қолдаудың ең ұзақ мерзімі 3 айдан аспайды. Өзгеріс төлем алу құқығы ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап туындайтын азаматтарға қолданылады, деп хабарлайды QazMonitor.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жаңа тетік бойынша төлем төлеу мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты болады:
• 6 айдан 12 айға дейін қатысқандарға — 1 ай;
• 12 айдан 24 айға дейін қатысқандарға — 2 ай;
• 24 ай және одан көп қатысқандарға — 3 ай.
Сонымен қатар, төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленді. Ол республикалық бюджет туралы заңда бекітілген 7 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 45%-ын құрайды. Нақты сома соңғы 24 айдағы орташа айлық табыс пен жүйеге қатысу ұзақтығы негізінде есептеледі. Төлемдер жұмыс берушілер тарапынан аударылатын 5% мөлшеріндегі әлеуметтік аударымдар есебінен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленеді. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды.
Әлеуметтік қолдауды рәсімдеу үшін азамат мансап орталығына, eGov.kz порталына немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасына жүгініп, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі тиіс. Лайықты вакансия табылмаған жағдайда, азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріліп, төлем проактивті түрде тағайындалады.
Жаңа реформаның басты мақсаты бюджетті үнемдеу емес, азаматтарды еңбек нарығына тезірек қайта оралуға ынталандыру болып табылады.
Сонымен қатар ведомтво азаматтар үшін басты талаптардың бірі — ұсынылған вакансиялардан себепсіз бас тартпау туралы ескертті. Егер азамат мансап орталығы ұсынған 3 лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаса, оның жұмыссыз мәртебесі мен әлеуметтік төлемі тоқтатылады.