Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Алматыда жастарға арналған жаңа комьюнити орталығы ашылды

Алматыда жастарға арналған жаңа комьюнити орталығы ашылды

Әуезов ауданындағы 400 шаршы метрлік орталықта барлық қызмет жастар үшін тегін

QazMonitor Logo
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматының Әуезов ауданында жастарға арналған жаңа комьюнити орталығы ашылды. Аумағы 400 шаршы метр болатын кеңістікте жастардың шығармашылықпен айналысуына, заманауи технологияларды меңгеруіне және жаңа дағдыларды дамытуына жағдай жасалған, деп хабарлайды QazMonitor.

Жаңа орталықта дыбыс жазу студиясы, би залы, робототехника және 3D-модельдеу аймағы, цифрлық контент әзірлеуге арналған кеңістік, сондай-ақ білім беру және кеңес беру алаңдары бар. Орталықтағы барлық қызмет жастар үшін тегін.

Орталықтың мүмкіндіктерімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов танысты. Нысанның іске қосылуы қала әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жастар орталықтары желісін кеңейту жұмыстарының бір бөлігі болды. Қазір Алматының барлық ауданында осындай 12 алаң жұмыс істейді.

«Жастар орталығы тек іс-шара өткізетін орын емес, жастардың білім алып, дамып, идеясын жүзеге асыра алатын кеңістік болуы маңызды», – деді Абзал Нүкенов.

Орталықтағы жаңа жобалардың бірі – «AI Креатор» курсы. Бағдарлама аясында жастар контент өндірісінде жасанды интеллект құралдарын пайдалануды меңгереді. Қатысушылар идея мен сценарий әзірлеуден бастап, визуал, дыбыс және монтаж жасауға дейінгі негізгі кезеңдерді үйренеді. Курстың алғашқы легіне 20-ға жуық адам жазылған.

Сонымен қатар дыбыс жазу студиясында әндер мен подкасттар жазуға, ал би залында түрлі воркшоптар ұйымдастыруға болады. Арнайы контент аймағы фото және бейне түсіруге арналған. Робототехника және 3D-модельдеу кеңістігінде орталықтың ашылуына орай Алматының басты нышандарының бірі алма бейнеленген «Тілек ағашы» әзірленді.

Орталықтың ашылуымен қатар «ALMATY 24 sagat» бейнебайқауы басталды. Байқау шарты бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде Алматы, оның аудандары, сүйікті орындары немесе қала тұрғындары туралы қысқа бейнеролик түсіруі керек.

«Біз үшін әрбір жастың бағытын табуына – жаңа дағды меңгеруіне, технологияда немесе шығармашылықта өзін сынап көруіне, не болмаса өз жобасын іске қосуына мүмкіндік болуы маңызды», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Жыл басынан бері Алматыдағы комьюнити орталықтарының қызметін 10,6 мыңнан астам жас пайдаланған. Олар жұмысқа орналасу және кәсіби бағдар бойынша көмек алып, психологиялық және құқықтық кеңестерге жүгінген.

Бұдан бөлек, «Заң және тәртіп» бағыты бойынша 18 мыңнан астам адамды қамтыған 190-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткен 80-нен астам экологиялық акцияға 10 мыңнан астам жас алматылық қатысты.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.