Астанада жүзеге асырылып жатқан Joltap жобасының қысқа мерзімді оқыту моделі Қазақстанның барлық өңірінде енгізіледі. Жоба арқылы өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларындағы кадр тапшылығын азайту көзделіп отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды QazMonitor Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 млн маман қажет болады. Оның ішінде 1,8 млн адам жұмысшы мамандықтар бойынша қажет. Қазір еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оқу орындарында ерте кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Бейінді дипломы жоқ, бірақ қажетті дағдылары бар азаматтар үшін кәсіби біліктіліктерді танудың 22 орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда азаматтар өз құзыреттерін ресми түрде растай алады.
Президент Астанадағы Joltap жобасының нәтижесіне де тоқталды. Оның аясында бизнес өкілдерінің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту жүргізіледі. Бағдарламада тігінші, дәнекерлеуші, веб-әзірлеуші және дизайнер сияқты мамандықтар қамтылған.
Үш жыл ішінде Joltap жобасы бойынша 22 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 60%-ы жұмысқа орналасса, шамамен 2 мың адам өз кәсібін ашқан.
«Бұл табысты тәжірибені барлық өңірге тарату керек. Біздің ортақ міндетіміз – әр азамат өз орнын тауып, адал еңбегімен отбасын қамтамасыз етіп, елге пайдасын тигізе алатын жағдай жасау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, қысқа мерзімді кәсіби даярлау моделін өңірлерге тарату арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысшы мамандар тапшылығын азайту көзделіп отыр.