Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VNET Group директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Чэнь Шэнмен кездесіп, Қазақстанда ЖИ-ға арналған ақпараттарды өңдеу орталықтары мен инфрақұрылым кластерін құру мәселесін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде компания өкілі Қазақстандағы ірі ақпараттарды өңдеу орталықтары кластерін құруға қатысуға қызығушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, технологияларды жергіліктілендіру, бірлескен зерттеулер жүргізу, таланттарды қолдау және құзырет орталықтарын құру бағыттарында VNET-пен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
Президент сондай-ақ Shanghai Junhe Atomic Technology компаниясының басшысы Тянь Цзяшумен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Перспективалы бағыттардың бірі ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану аталды.
Тараптар табиғи уранды өңдеу мен ядролық отын өндіруден бастап, шағын модульдік реакторларды құрастыруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыру мәселесін қарастырды.
Кездесуге Hong Kong Sino-Science Oil and Gas және Silk Road Finance Corporation компанияларының басшылары да қатысты. Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясы Қазақстанға жұмыс істеген жылдары 3 млрд доллардан астам инвестиция салған.
Еске салайық, «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында екі елдің өкілдері бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 10 келісімге қол қойды. Президенттің мәліметінше, Қытай қатысатын жобалар портфелінің құны 62 млрд доллардан асты. Қазақстан мен Қытай тауар айналымын 100 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.