Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Smart жылыжай» агробиостанциясы құрылады. Жоба университет пен Қытайдың Henan Wonjoy Supply Chain Management Co., Ltd. компаниясының бірлескен инвестициясы негізінде жүзеге асады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында белгілі болды, деп хабарлайды QazMonitor ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Агробиостанцияда өсімдіктерді клондық микроөсіру зертханасы және тәжірибелік өндіріс алаңдары жұмыс істейді. Ақылды жылыжайда суару, қоректендіру және микроклиматты автоматты басқару технологиялары сынақтан өткізіледі.
Жоба аясында қызанақ, қияр, бұрыш және жасыл дақылдарды өсірудің тиімді тәсілдері зерттелмек. Университетте ашылатын клондау зертханасында өсімдіктерді «in vitro» әдісімен көбейту технологиясы қолданылады. Алынған көшеттер жылыжай жағдайында бейімделіп, кейін зерттеу нәтижелері өндірісте сынақтан өткізіледі.
Агробиостанция биология, биотехнология және өсімдік шаруашылығы бағыттарында білім алатын магистранттар мен докторанттар үшін де тәжірибелік база болады. Олар ғылыми зерттеулерге қатысып, заманауи жылыжай технологиялары мен өсімдіктерді клондық микроөсіру әдістерін меңгереді.
Жоба ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды да көздейді. Болашақта агробиостанцияда өндірілген көшеттер мен жылыжай өнімдерін нарыққа шығару, сондай-ақ сынақтан өткен технологияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына енгізу жоспарланып отыр.
ҚазҰУ Қытайдың Dalian Yuke Environmental Technology Co., Ltd. компаниясымен де меморандумға қол қойды. Бұл келісім мұнай-газ саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Тараптар мұнай-газ нысандарындағы өндірістік процестердің энергия тиімділігі мен сенімділігін арттыруға арналған технологияларды бірлесіп әзірлеп, енгізуді жоспарлап отыр. Осы бағытта мұнай-газ объектілерінің энергиямен жабдықталу процестері зерттеліп, энергия тұтынуды азайту және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жолдары қарастырылады.
Сонымен қатар энергия тұтынуды бақылау, басқару және оңтайландыруға арналған интеллектуалды жүйелер әзірленеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар, автоматтандыру, жасанды интеллект және деректерді талдау құралдарын пайдалану көзделген.
Меморандум аясында мұнай-газ кәсіпорындарында жаңартылатын энергия көздерін, энергия жинақтау жүйелерін және гибридті энергетикалық жүйелерді қолдану мүмкіндіктері де зерттеледі.