«Қазгидромет» ауа райын болжау кезінде жасанды интеллект элементтері бар WRF цифрлық моделін қолдана бастады. Жаңа технология болжамдардың нақтылығын арттырып, агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Әлибек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Министрдің айтуынша, модель жыл басынан бері қолданылып келеді. Ол ауа райын 48 сағатқа дейін және 10 тәулікке дейін болжауға мүмкіндік береді. Кеңістіктік ажыратымдылығы 2 және 6 шақырымды құрайды.
«Бұл – ауа райын болжаудың сандық моделі. Аталған технологияларды пайдалану болжамдардың егжей-тегжейлілігін арттыруға, оның ішінде агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдар жасауға, сондай-ақ дауылды ескертулер шығаруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және жалпы халықты уақтылы ақпараттандыруды қамтамасыз етеді», – деді Әлибек Қуантыров.
Министр Қазақстанның басым бөлігінде қазан және қараша айларында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанып отырғанын хабарлады.
Қазанда республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады. Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көп, ал оңтүстіктің жазық аумақтарында, оңтүстік-шығыста, орталық облыстардың оңтүстігі мен Абай облысында нормадан аз болады деп күтіледі.
Қарашада еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шегінде болады. Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын нормадан көп болуы мүмкін.
Еске салайық, Қазақстанда жылыту маусымы біртіндеп белсенді кезеңге өтіп жатыр. Қазірдің өзінде төрт облыс пен Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жылу беріле бастады. Алдағы күндері оларға тағы бес өңір қосылуы тиіс.