Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақтөбе облысында ондаған шақырым республикалық жол жаңғыртылып жатыр

Ақтөбе облысында ондаған шақырым республикалық жол жаңғыртылып жатыр

Бірқатар нысанда жөндеу жұмыстарының орындалу деңгейі 80%-дан асты

QazMonitor Logo
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар автожолдарда бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары ондаған шақырым жолды қамтиды. Оның ішінде жолдарды төрт жолаққа дейін кеңейту, көпірлерді жөндеу және трассалардың техникалық санатын арттыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды QazMonitor.

Негізгі жобалардың бірі – «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту. 791-819 шақырым аралығындағы 28 шақырым жолды төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар тағы алты учаскеде жер жұмыстары жүргізіліп, инженерлік коммуникациялар көшіріліп жатыр. Жоба жолдың техникалық санатын кезең-кезеңімен арттыруды көздейді.

«Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолында да жөндеу жұмыстары жалғасуда. 50-70 және 70-89,9 шақырым аралығындағы учаскелерде жалпы ұзындығы шамамен 40 шақырым жол және жасанды құрылыстар жөнделіп жатыр. Атап айтқанда, 92-шақырымдағы Жем өзені арқылы өтетін ұзындығы 132,4 метр көпір қайта жаңғыртылуда.

«Қарабұтақ – Қостанай» автожолындағы жұмыстар да қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу 80 шақырым жолды қамтиды. Қазіргі уақытта жұмыстардың 85%-ы орындалды. Ақтөбе және Қостанай облыстарының шекарасындағы 96-106 шақырым аралығында асфальт төсеу толық аяқталған.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласының Солтүстік айналма жолының 0-21 шақырым аралығындағы 21 шақырым учаскесі жөнделіп жатыр.

«Ақтөбе – Әлімбет» автожолының 46-70 шақырым аралығындағы 24 шақырым учаскесін жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, шекаралық өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде.

Жобаларды іске асыру республикалық маңызы бар жолдардың техникалық жағдайын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және жолдардың өткізу қабілетін ұлғайтуға бағытталған. Сондай-ақ бұл жұмыстар өңірдегі негізгі көлік бағыттары бойынша қозғалыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.