eGov Mobile қосымшасы жаңартылғаннан кейінгі жеті жыл ішінде мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуға мүмкіндік беретін негізгі цифрлық платформалардың біріне айналды. Бүгінде оны 13,2 миллионнан астам адам пайдаланады, ал қосымшада 1 100-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді.
Мобильді цифрлық үкіметтің тарихы 2012 жылы mGov қосымшасының іске қосылуынан басталды. Алғашында пайдаланушылар мекенжайы, зейнетақы аударымдары, жылжымайтын мүлік және оған салынған ауыртпалықтар туралы анықтамаларды онлайн алып, айыппұлдар, салықтар мен мемлекеттік баждарды төлей алатын. 2019 жылға қарай қосымшада 70-ке жуық қызмет пен сервис ұсынылды.
Сол жылы mGov қосымшасының дизайны жаңартылып, атауы eGov Mobile болып өзгерді. Ал 2020 жылы биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде жеке басты растау жеңілдеді.
Қосымшадағы ең сұранысқа ие құралдардың бірі – «Цифрлық құжаттар» сервисі. Ол заңнамада көзделген жағдайларда құжаттардың электрондық нұсқаларын қағаз немесе физикалық құжаттардың орнына ұсынуға мүмкіндік береді. Сервис іске қосылғалы бері пайдаланушылар цифрлық құжаттарға 600 миллионнан астам рет жүгінген. Кейін бұл мүмкіндік екінші деңгейлі банктердің танымал мобильді қосымшаларында да пайда болды.
Тағы бір маңызды функция – электрондық цифрлық қолтаңбаны шығару және QR-код арқылы құжаттарға қол қою. Бүгінде пайдаланушылар бұл қызметті шамамен 80 миллион рет қолданған.
«Жеті жыл ішінде eGov Mobile жекелеген мемлекеттік қызметтерді алуға арналған қосымшадан Қазақстанның негізгі цифрлық платформаларының біріне айналды. Егер 2019 жылы ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 272 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллион адамға жетіп, шамамен 28 есеге өсті. Биыл қосымша арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл қосымшаның қазақстандықтар арасында сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде eGov Mobile мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистерді бір платформаға біріктіріп, оларды алуды ыңғайлы әрі қолжетімді етуде. Біз азаматтардың күнделікті мәселелерін үйден шықпай-ақ, тезірек, оңай әрі барынша аз күш жұмсап шешуі үшін мобильді үкіметті жетілдіруді жалғастырамыз», – деп атап өтті ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
2024 жылдың шілдесінде электрондық үкіметтің мобильді экожүйесі кәсіпкерлерге арналған eGov Business қосымшасымен толықты. Ол бизнес өкілдеріне смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, ЭЦҚ шығаруға өтінім беруге, QR-кодпен құжаттарға қол қоюға, заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркеуге және басқа да қажетті операцияларды орындауға мүмкіндік береді.
2025 жылы eGov Mobile қосымшасы толық ребрендингтен өтіп, оның сыртқы дизайны мен пайдаланушыға қолайлылығы жаңартылды.
2026 жылы платформада тағы бір жаңа құрал – eGov GPT іске қосылды. Жасанды интеллект негізіндегі сервис мемлекеттік қызметтерді оңай табуға және қажетті ақпаратты диалог форматында алуға көмектеседі. Пайдаланушы сұрағын қарапайым тілмен қойып немесе өз жағдайын сипаттап, қолжетімді қызметтер мен оларды алу тәртібі туралы ақпарат ала алады.
Мәселен, баланың тууын тіркеу жөнінде сұрақ қойылса, сервис қандай қызметтер қажет болуы мүмкін екенін және неден бастау керектігін түсіндіреді. Қазіргі уақытта eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет туралы ақпарат алуға болады. Сервиске жүгіну саны 150 мыңнан асты.
Сол жылы eGov GPT Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында AI & Digital Bridge Awards 2026 сыйлығының «GovTech Project of the Year» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды.