Қазақстан мен Еуропалық одақ визалық режимді жеңілдету және Реадмиссия туралы келісімдер бойынша алғашқы ресми келіссөздер раундын өткізді. Отырыстың тең төрағалары ¬- ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев және Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директораты бас директорының орынбасары Йоханнес Лухнер.
Келіссөздердің басталуы Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайды. Биыл желтоқсанда тараптар кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының 10 жылдығын атап өтеді. Жаңа келіссөздер трегінің іске қосылуы екіжақты қатынастардың стратегиялық деңгейге көтерілгенін және мазмұнының кеңейгенін көрсетеді.
Тараптар визалық процестерді жеңілдету азаматтар арасындағы байланыстарды нығайтуға, гуманитарлық кооперацияны дамытуға және өзара сенімді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен бірге бұл келіссөздер ЕО мен Орталық Азия мемлекеті арасындағы алғашқы процесс ретінде тарихи мәнге ие.
Келелі талқылау барысында тараптар ұсыныстарымен алмасып, бастапқы параметрлерді келісіп, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі. Кездесу конструктивті өтіп, сапарларды жеңілдетуге және ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған құқықтық базаны қалыптастыруға дайындық расталды.
Ресми келіссөздер басталғаны 1 желтоқсанда Брюссельде ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен ЕО-ның Сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас төрағалығымен өткен Қазақстан-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысында жарияланды.
Тараптар келіссөздерді жалғастырып, келесі раундты 2026 жылы Астанада өткізуге келісті.
Дереккөз: СІМ