Қазіргі таңда интернетте жалған дипломдар туралы түрлі ақпарат көбейген. Осыған байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың бірыңғай деректер базасын құрды. Министрлік білім туралы құжаттардың бірыңғай талаптарын, серияларын және үлгісін бекітті.
Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмір және QR-кодпен беріледі. Бұл жүйеге қол жеткізу құқығы тек ресми тіркелген университет қызметкерлерінде ғана бар. Құжатты генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасындағы» деректер негізінде жүзеге асады. Егер студент туралы ақпарат платформадан табылмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.
Өзіндік үлгідегі дипломда QR-код пен бірегей нөмір болмаса, мұндай құжат жарамсыз болып саналады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі де жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін бақылауға алып отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы жалған құжат жасағаны немесе пайдаланғаны үшін айыппұлдан бастап, екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.
Бүгінгі таңда 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар тиісті органдарға жолданды.
Жоғары оқу орындары дипломдарды цифрландыру процесін жалғастырып жатыр. Жұмыс берушілер құжаттың түпнұсқалығын epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Сонымен қатар дипломның электрондық нұсқасы «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасында қолжетімді.
Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі