«Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Штадлер Қазақстан» ЖШС елімізде пайдалануға берілетін жаңа буындағы плацкарт вагондарының алғашқы бейнесін ұсынды. Заманауи вагондар Қазақстанның климаттық ерекшеліктері мен ұзақ бағыттарға тән жүктемелер ескеріле отырып жасалған, сондай-ақ халықаралық стандарттарға толық сай.
Жаңа плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Кеңістікті тиімді ұйымдастыру мақсатында кіреберісте жүк салуға арналған сөрелер орналастырылған. Жолсерікке бөлек демалыс аймағы, шағын асүй және басқару бөлімі қарастырылған. Жоғарғы орындарға көтерілу үшін жаңартылған баспалдақ орнатылып, үшінші деңгейге қосымша багаж сөрелері енгізілген.
Әр орын жеке шаммен, 220V розеткасымен, USB және USB-C порттарымен жабдықталған. Төменгі орындардың астында екі чемоданды сыйдыратын арнайы орын бар. Орталық үстел 200 килограмға дейін төтеп береді.
Алғашқы отандық Stadler вагондары 2026 жылдан бастап мына бағыттарда жүре бастайды:
- №3/4 «Астана — Алматы»;
- №353/354 «Астана — Семей»;
- №85/86 «Астана — Шымкент»;
- №47/48 «Астана — Атырау».
Жыл соңына дейін жаңа вагондардың алғашқы легі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға тапсырылмақ. Келісімге сәйкес, Stadler компаниясы өндірілген вагондарға 20 жыл бойы сервис қызметін көрсетеді. Жалпы жоспар бойынша 2030 жылға дейін 557 жаңа вагон пайдалануға беріледі.
Дереккөз: ҚТЖ