ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың төрағалығымен көмір-химия өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес жұмысына «CHN Energy Development Co. Limited» өкілдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Qarmet» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС секілді жетекші көмір кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ «QazaqGaz» Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС, «Еуразиялық топ» ЖШС және «Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы» өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп көмір-химия өнеркәсібін дамытуға бағытталған перспективалық бағыттарды бағалау және жобаларды талдау жұмыстарын бастады.
Кеңес барысында қатысушылар өзекті мәселелерді қарастырып, саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын ұсынды, сондай-ақ ірі компаниялар – «CHN Energy Development Co. Limited»-тің көмір-химия кешенін салу жөніндегі және Shandong Energy Group-тың көмірден газ өндіру жобалары талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша көмір химиясын дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрамы жаңартылып, қытайлық инвесторлармен бірлескен нақты жобалар мен көмір разрездері айқындалды. Сондай-ақ саланың дамуын тежеп тұрған мәселелерді жүйелі шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді. Министрлік жұмыс тобын, инвесторларды және технологиялық әріптестерді тұрақты түрде жинап отырмақ.
Дереккөз: ҚР Энергетика министрлігі