Қарағанды аяқ киім фабрикасы өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыскерлеріне арналған арнайы аяқ киім – берцтер мен етіктерді шығарады. Әр жұп өнім былғарыны пішуден бастап, құйма табаны бар толық дайын аяқ киімге дейін толық цикл бойынша жасалады. Бренд Қазақстанның барлық өңірінде танымал. Қарағандыда өндірілген жұмыс аяқ киімі түрлі салаларда кең сұранысқа ие: оны металлургтер, теміржолшылар, энергетиктер, геологтар мен мұнайшылар пайдаланады.
Кәсіпорын өкілдері Батыс Қазақстандағы мұнай компанияларымен әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Мұндай ынтымақтастыққа жергілікті өндірушілерді қолдау жөнінде өңірде жүргізіліп отырған жүйелі жұмыс әсер етіп отыр. Биыл облыс әкімдігінің бастамасымен мұнай-газ секторындағы ең ірі операторлардың бірі – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының делегациясы Қарағандыға келді. Қол қойылған әріптестік туралы меморандум бүгінде нақты нәтижелер көрсетуде.
Компания Қарағанды аяқ киім фабрикасының өнімдеріне жоғары қызығушылық білдірді. Қазіргі уақытта аяқ киім жеткізу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Фабрика әр тапсырыс берушінің талаптарына қарай өнімдерді бейімдейді. Арнайы аяқ киімнің басты ерекшелігі – аяқтарды соққыдан, шаншудан, қызған металлдан және өндірістегі түрлі қауіпті факторлардан қорғайтын қосымша күшейтілген элементтердің болуы.
«Табан екі қабатты, құйма тәсілмен жасалады. Әрбір тапсырыс беруші бойынша нақты талаптарды сақтаймыз. Мысалы, дәнекерлеушілер мен электриктерге арналған аяқ киім мүлде металсыз жасалады, бау ілгектерінің орнына арнайы былғары ілмектер қойылады. Дәнекерлеушілерге арналған модельдерде ұшқыннан қорғайтын қосымша клапан бар. Геологтар мен мұнайшыларға арналған үлгілер бір-біріне өте жақын. Былғары толықтай табиғи, қалыңдығы – 2 миллиметрге дейін, ол су өткізбейтін арнайы қоспамен өңделеді», – деді цех шебері Ольга Медведева.
Кәсіпорын заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген. Өндірісті жаңғырту мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асып жатыр: фабрика «Даму» қорының құралдарын белсенді пайдаланады.
Фабриканың басты артықшылықтарының бірі – немістің Desma маркалы құю машинасы. Дәл осы құрылғыда екі қабатты полимер табан қалыптасады. Роботтандырылған жүйе жоғары дәлдікпен жұмыс істеп, табанды аяқ киімнің жоғарғы бөлігімен молекулалық деңгейде біріктіреді.
Мұндай технология табанның ажырау ықтималдығын іс жүзінде жояды. Биыл құрылғыға жаңа матрицалар сатып алынып, модельдік қатар айтарлықтай кеңейтілді.
Сонымен қатар дайындамаларды тігуге арналған жартылай автоматтар алынды. Бұл жабдық еңбек өнімділігін арттырып, уақытты үнемдеуге және дайын өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аяқ киімнің өлшемін автоматты түрде реттеп, жылдамдықты белгілейді. Бір мезетте бірнеше операция орындалып, төрт қатар тігіс дайындалады.
Қазір фабрикада шамамен 80 қызметкер еңбек етеді. Желтоқсан айында кәсіпорын жеті мыңға жуық жұп аяқ киім шығарды.
Қарағанды аяқ киім фабрикасы ішкі нарықтағы позициясын нығайтып, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестікті кеңейтіп келеді. Осы арқылы кәсіпорын өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға өз үлесін қосып отыр.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі