«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 754 млрд теңге сомасына 703 мың қарыз алушының берешегі реттелді. Үш жылда Қазақстанда 1,4 млн азамат оқудан өтіп, 1 млн астам азамат заңгерлік және қаржылық кеңес алды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, азаматтардың сұрауларын 180 заңгер өңдейді. Азаматтарды көбірек тарту үшін LMS-платформа базасында онлайн-оқыту енгізілді. Бағдарлама жеке бюджетті басқарудан бастап инвестициялау негіздеріне дейінгі бірнеше модульді қамтиды. Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар беріледі.
Сонымен қатар Qogamfin.kz бірыңғай цифрлық жүйесі құрылды, ол жолданымдардың мәртебесін бақылауға және ауыртпалықтарды алып тастау, берешекті қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық сияқты негізгі мәселелер бойынша құжаттар топтамасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жобаның арқасында 754 млрд теңге сомасына 703 мың қарыз алушының берешегі реттелді. Қаржы ұйымдарының жобаға қатысуы клиенттермен өзара іс-қимыл парадигмасының өзгергенін көрсетеді. Бұл жағдайда қарыз алушының ұзақ мерзімді орнықтылығы мен қаржы өнімінің тұтынушы үшін пайдасы бірінші орынға қойылады», - деді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Бүгінгі күні қаржы ұйымдары халықтың неғұрлым осал санаттарының проблемаларын шешуге үлес қосып отырғаны айтылды. Биыл қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен 25 млрд теңге сомасына 89 мың қарыз алушының берешегін толық есептен, 4,1 млрд теңге сомасына 470 мың қарыз алушының берешегі ішінара есептен шығарылған.
Мәдина Әбілқасымова азаматтардың шамадан тыс кредит алуына жол бермеу және борыш жүктемесін азайту бойынша қабылданған шараларға тоқталды. Агенттік 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктердің және МҚҰ-ның азаматтардың кредиттерін коллекторларға сатуына мораторий енгізді. Бұл қаржы ұйымдарының ішіндегі проблемалық берешекті дербес реттеуге мүмкіндік берді.
Бұған қоса, төлем мерзімін 90 күннен астам кешіктірген азаматтарға тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салынды. Биылғы жылдан бастап банктер бойынша мерзімді 30 күннен астам және МҚҰ бойынша 1 күннен астам кешіктірген азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Сондай-ақ, банктер мен МҚҰ-да тұтынушылық кредиттердің ең жоғары сомасы айқындалды. Кепілсіз кредиттердің 5 жылдан аспайтын ең жоғары мерзімі белгіленді.
«Қабылданған шаралар банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруінің өсуін 2023 жылғы 27,1%-дан және 2024 жылғы 29,3%-дан 2025 жылғы 10 айда 13,2%-ға дейін баяулатуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Айта кетсек, биыл Президент Қ.Тоқаев «Қарызсыз қоғам» жобасына институционалдық бағдарламалық құжат мәртебесін беру қажеттілігін атап өткен болатын. Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, осы тапсырманы іске асыру үшін Агенттік мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылға арналған жаңа Жол картасын әзірледі. Ол халықтың қаржылық мәдениетін одан әрі нығайтуға және олардың кірістерін арттыруға бағытталған.
Жаңа заң шеңберінде іс-қимылды қадағалау моделі енгізіледі, іс-қимыл тәуекелдерін басқару жүйесі арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау күшейтілетін болады. Азаматтардың жолданымдарын біркелкі және тәуелсіз қарауды қамтамасыз ету үшін қаржы омбудсманының бірыңғай кеңсесін құру көзделеді.
«Бірнеше кредиторда мерзімі ұзақ уақыт кешіктірілген берешегі бар азаматтардың проблемаларын шешу үшін қаржы омбудсманы базасында берешекті ұжымдық реттеу тетігі енгізіледі», - деді агенттік басшысы.
Жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде азаматтарға практикалық көмек көрсету маңызды бағыт болып табылады. Қаржы министрлігімен бірлесіп проактивті соттан тыс банкроттық тетігі пысықталып жатыр.
Дереккөз: Қаржы нарығы агенттігі