Мемлекет басшысы «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады.
Андрей Лаврентьев компанияның биыл атқарған жұмысының алдын ала нәтижелері мен инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың негізгі бағыттарын таныстырды.
«Компания қызметінде оң динамика байқалады. Екі жылда болат өндірісі 22 пайызға, көмір концентраты 26 пайызға, темір кені 32 пайызға артты», — деді ол.
Сонымен қатар, өнімнің өзіндік құны 28 пайызға арзандап, шығарылатын маркалардың түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайған. Компания басшысы 9 ірі инвестициялық жобадан тұратын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру жайында баяндады.
«Бұл бастама елдегі болат өндірісін жүйелеп, металл прокаты импортын төмендетуді көздейді», — деді компания басшысы.
Бұдан бөлек, болаттың жоғары сапалы жаңа маркаларын, соның ішінде атом электр станциясының құрылысына арналған өнім шығару жолға қойыла бастады. Сондай-ақ көмір және тау-кен бағытын дамыту бағдарламасы таныстырылды.
Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік бастамаларға баса мән берілген.
«Qarmet компаниясына қарасты медициналық және білім беру ұйымдары жаңғыртылып жатыр», — деп атап өтті Лаврентьев.
Компания мен кәсіподақтар арасында жаңа ұжымдық келісімшарт жасалды. Құжат 35 мың еңбеккерге әлеуметтік кепілдік беруді қарастырады.
Qarmet жанынан ірі металлургиялық кластер құрылып жатқаны туралы да айтылды.
«Бұл шағын және орта кәсіпорындардың шикізатты терең өңдеумен айналысуына мүмкіндік береді», — деді «Qarmet» басшысы.
Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірге іске асырылатын болады.
Сондай-ақ машина жасау зауыттарының өндіріс барысында отандық болатты пайдалануы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Президент Qarmet металлургия кешенінде атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, даму жоспарына қолдау білдірді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы кәсіпорынды жан-жақты жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу, экологиялық жағдайды жақсарту, машина жасау өндірісін жандандыру шараларын жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
Дереккөз: Ақорда