Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда 2025 жылы балық өндірісі 76,8 мың тоннаны құрады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 10 желтоқсан, 2025 | 14:25
2 минут - оқу уақыты

Қазақстанда 2025 жылы балық өндірісі 76,8 мың тоннаны құрады

Субсидиялар мен инвестициялық жобалардың нәтижесінде өндіріс көлемі 10 %-ға ұлғайды

QazMonitor Logo
ҚР АШМ
ҚР АШМ

2025 жылдың 11 айында балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 69,8 мың тоннамен салыстырғанда 10%-ға артық. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

Осы кезеңде 38,5 мың тонна балық ауланды (+10%), 12,2 мың тонна балық өсірілді (+4%). Кәсіптік балық аулау Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі. Салада 700-ден астам субъект жұмыс істейді, шамамен 12 мың балықшы еңбек етеді.

«Елде халықаралық және республикалық маңызы бар 20, жергілікті маңызы бар шамамен 3 000 су айдыны бар. 2025 жылдың соңына дейін 63 мың тонна көлемінде балық аулау квотасы бөлінген, оның 1 қарашадағы жағдай бойынша 38,5 мың тоннасы немесе 61% игерілді», — деп атап өтті комитет төрағасы.

Балықты қайта өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады, олардың жалпы қуаты жылына 120 мың тоннаға жетеді. Соның ішінде 20 кәсіпорынға ЕО елдеріне экспорттауға рұқсат берілген.

«Қазақстанның балық өнімдері Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай секілді 21 елге экспортталады», — деді Серік Сермағамбетов.

2025 жылдың 10 айында 45 мың тонна дайын өнім өңделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға көп. Қайта өңдеуді дамыту үшін қайта өңдеушілер үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету, айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру, ішкі қуаттарды жүктеу мақсатында өңделмеген балықты экспорттауға алты айлық тыйым (15 ақпаннан 15 тамызға дейін) секілді мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2024 жылғы қазанда аумағы 108,6 мың га болатын «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылды. Қазіргі таңда оның аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру үшін Атырау бекіре балық өсіру зауыты жаңғыртылуда.

«Бұл шабақ өндіру көлемін 5 млн-нан 7,5 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті комитет басшысы.

Балық шаруашылығы комитеті көлеңкелі айналымды азайту және заңсыз балық аулаудың алдын алу шараларын күшейтіп, аквашаруашылықты дамытуға ерекше назар аударылып отыр. 2021 жылдан бастап аквашаруашылықты субсидиялау көлемі 7 есе өсіп, 2025 жылы 3,5 млрд теңгеге жетті.

Шаруашылықтар саны 4 есе артып, 650-ге көбейді. Балық өсіру бойынша Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары көш бастап келеді. 2021-2024 жылдары жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын 87 жоба іске асырылып, олардың жобалық қуаты жылына 20 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді.

2030 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі шамамен 50 млрд теңге болатын 44 ірі жобалық пул қалыптастырылған. Оларды жүзеге асыру балық өсіруді 16 мың тоннаға, қайта өңдеуді 17 мың тоннаға, жем өндірісін жылына 6,7 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Дереккөз: ҚР АШМ

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.