Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен «Өскемен арматура зауыты» АҚ («ӨАЗ» АҚ) мен «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ («КҚК-Қ» АҚ) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Өнеркәсіптік жабдықтың импортын алмастыру жөніндегі құжатқа «ӨАЗ» АҚ бас директоры Александр Будрис және КҚК-Қ бас директоры Николай Горбань қол қойды.
Келісім бекіткіш арматураның, сорғы агрегаттарының және электр қозғалтқыштарының жергілікті өндірісін дамытуға, магистралды мұнай құбыры нысандарында отандық жабдық қолдануды кеңейтуге, сондай-ақ құбыр арматурасының қазақстандық ірі өндірушісі мен мұнай тасымалдау инфрақұрылымындағы негізгі операторлары арасында орнықты кооперацияны қалыптастыруға бағытталған.
«Келісім шеңберінде тараптар «КҚК-Қ» АҚ-ны Қазақстаннан шыққан жоғары технологиялық материалдармен, жинақтаушы бөлшектермен және жабдықтармен қамтамасыз етуге, жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді, жабдықты жаңғырту және сынақтан өткізуге, сондай-ақ инновациялық технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеуге әрі енгізуге ниетті», — деп хабарлады компания өкілдері.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – отандық өндірісті қолдау, жабдықты заманауи стандарттарға сай жаңғырту, сондай-ақ құбыр арматурасы саласында тұрақты кооперациялық байланыс орнату. Бұл келісім қазақстандық компаниялардың жоғары технологиялық жабдық шығару мүмкіндігін кеңейтуге, жергілікті компоненттерді пайдалану арқылы импортқа тәуелділікті азайтуға және өнеркәсіптік инфрақұрылымды заманауи стандарттарға сәйкес жетілдіруге бағытталған.
«Біз осы келісім аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы магистралды мұнай құбыры нысандарында отандық жабдықты кеңінен қолдануға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс сапасын арттыру, жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді тиімді жүргізу және инновациялық шешімдерді әзірлеу мүмкіндігі пайда болады», — деп атап өтті «ӨАЗ» АҚ бас директоры Александр Будрис.
КҚК-Қ өкілдерінің айтуынша, келісім екі тарапқа да тиімді, себебі ол жабдықты жаңғырту мен сынақтан өткізу, жергілікті компоненттерді пайдалану, сондай-ақ инновациялық технологияларды бірлесіп енгізу арқылы өндірісті заманауи стандарттарға сай жетілдіруге жол ашады.
Дереккөз: ҚР Үкіметі