Қазақстан мемлекеттік аудиттің цифрлы моделіне толық ауысу процесін жалғастыруда. Бұл модель тәуекелдерді ерте анықтауға және кез келген кемшілікті қашықтан бұғаттауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров мәлімдеді.
Министрлік талдауды автоматтандыру жүйелерін енгізіп, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияны күшейтіп жатыр. Нақты уақыт режимінде мониторинг жасау үшін жасанды интеллект алгоритмдері қолданылады. «Мемлекеттік жоспарлау» жүйесіндегі онлайн-бюджеттік бақылау алдағы жылдарға арналған жоспарларды алдын ала саралап, негізсіз шығыстарды уақытында анықтауға көмектеседі.
Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, цифрлы шешімдер әлеуметтік салада да тиімділігін көрсетті. Жүйе жалған жалақы төлеу схемаларын анықтап, қаржының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға жол ашты. Автоматтандырылған мониторинг білім беру саласында жалақы есептеу кезіндегі заңсыздықтардың алдын алады.
Мемлекеттік сатып алуды бақылау бағытында да онлайн-мониторинг кеңінен қолданылуда. Биыл мыңдаған төлем тексеріліп, тәуекелі бар аударымдар анықталды. Аудит нәтижесінде қаржылық бұзушылықтар тіркеліп, қызмет көрсетушілерге айыппұлдар қолданылды.
2021 жылдан бері іске асқан электронды аудит тетігі де өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қашықтан жүргізілген аудиттер көптеген кемшілікті анықтап, адам факторының ықпалын азайтты. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, іссапар шығындарын қысқартуға мүмкіндік берді.
Қазақстанның цифрлы аудит тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. PEMPAL қауымдастығы бұл бағыттағы жұмысты оң бағалап, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінің сарапшылары комитет қызметіне жоғары рейтинг берді.
Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі