2025 жылдың қараша айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 101,1 мың бос жұмыс орны жарияланды. Вакансиялардың 73%-ы біліктілікті қажет ететін мамандарға бағытталды. Алдыңғы аймен салыстырғанда жалпы вакансиялар саны 23%-ға төмендеді, соның ішінде білікті мамандарға арналған орындар 26%-ға қысқарды. Сол кезеңде үміткерлер 101,3 мың түйіндеме орналастырды, бұл қазан айымен салыстырғанда 11%-ға аз.
Қарашада бос жұмыс орындары жалпы азайғанымен, кейбір салаларда өсім байқалды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде олардың саны 26%-ға өсіп, 1,7 мыңға жетті. Әкімшілік қызмет көрсету саласында көрсеткіш 19%-ға көтеріліп, 2,3 мыңға дейін артты. Ауыл шаруашылығында 11%-ға өсім байқалып, 8,3 мың бос орын тіркелді. Сондай-ақ тұру және тамақтандыру қызметтері саласында 2%-ға өсіп, 1,8 мың бос жұмыс орны ұсынылды.
Ең көп қысқару ойын-сауық және демалыс қызметтері саласында тіркелді. Бұл бағыттағы вакансиялар 55%-ға азайып, 2,4 мыңға төмендеді. Мемлекеттік басқару саласында 40%-ға қысқарып, 5,2 мыңға жетті. Энергетикада да төмендеу байқалды: вакансиялар саны 38%-ға азайып, 2,4 мың орынға дейін түсті. Басқа салаларда да төмендеу үрдісі байқалғанымен, қарқыны әлдеқайда баяу болды.
Вакансия санының азаюы көбіне маусымдық жағдайлармен байланысты. Әсіресе жылыту маусымы басталатын кезеңде қазандық қондырғыларына арналған кадрларды жасақтау жұмыстары аяқталған соң, тиісті мамандарға деген сұраныс айтарлықтай төмендеді.
Өңірлік тұрғыда тек Жетісу облысында вакансия саны артты. Бұл өңірде өсім 11%-ды құрап, 2,7 мың бос орын ұсынылды. Басқа облыстарда төмендеу байқалды. Ең көп қысқару Батыс Қазақстан облысында тіркелді: вакансиялар саны 4,7 мыңға азайып, 3,7 мыңға түсті. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 3,8 мыңға төмендеп, 5 мың вакансия болды. Атырау облысында 2,5 мыңға азайып, 4 мыңға дейін қысқарды.
Бос жұмыс орындарын жариялау бойынша көшбасшылар қатарында Түркістан облысы (11,1 мың), Астана қаласы (9,3 мың) және Алматы қаласы (7,2 мың) тұр. Бұл үш өңір қарашада жарияланған барлық бос орындардың ширегінен астамын қамтамасыз етті.
Сұранысқа ие мамандықтардың қатарында мейірбикелер мен мейіргерлер (1,9 мың), санитарлар (1,8 мың), тәрбиешілер және автомобиль жүргізушілері (әрқайсысы 1,5 мың) болды. Ең жоғары жалақы ұсыныстары бас құрылысшыларға (640 мың теңгеден бастап), өндірістік учаске бастықтарына (595 мың теңгеден бастап) және авиациялық диспетчерлерге (568 мың теңгеден жоғары) берілді. Ал ең жоғары жалақы күту деңгейі пилоттарда (орташа 1,9 млн теңге), IT-бөлім басшыларында және бас геологтарда (шамамен 1,2 млн теңге) байқалды.