Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Zhongyoung Power Қазақстанның энергетика жобаларына қатысуға қызығушылық білдірді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 11 желтоқсан, 2025 | 12:55
2 минут - оқу уақыты

Zhongyoung Power Қазақстанның энергетика жобаларына қатысуға қызығушылық білдірді

Қытайлық компания қосалқы станциялар мен трансформаторлық қуаттарды жаңартуға инвестиция салуға дайын

QazMonitor Logo
ҚР СІМ
ҚР СІМ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Қытайдың «Zhongyoung Power (Yunxi) Group Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Ли Цзяньцзянмен кездесті. Келіссөздер барысында қытай тарапы Қазақстанның электр энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасына инвестор ретінде қатысу ниетін растады.

Компания өкілдері «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысуға қызығушылық танытып, жөндеу, жаңарту және қайта құруды қажет ететін нысандар тізімімен танысты. Ли Цзяньцзянның айтуынша, «Zhongyoung Power» мемлекеттік-жекешелік серіктестік (МЖС) және тарифтік модель арқылы инвестицияны қайтару сияқты халықаралық тәжірибеде қолданылатын қаржыландыру тетіктерін қарастыруға дайын. Сонымен қатар компания жобаларды жүзеге асыру кезінде Қазақстанда өндірілген трансформаторлар мен жабдықтарды пайдалануды жоспарлап отыр.

Тараптар кездесуде қосалқы станцияларды жаңғырту, ескі жабдықтарды алмастыру, жаңа трансформаторлық қуаттар салу, сондай-ақ орта және жоғары кернеулі желілерге заманауи технологияларды енгізу бағыттары бойынша серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.

Әлібек Қуантыров энергетика секторын жаңғырту Қазақстан үшін стратегиялық міндет екенін атап өтіп, бұл процеске сенімді халықаралық серіктестерді тарту маңызды екенін жеткізді. Ол МЖС тетіктерін қолдану мүмкіндігін растап, компанияға жабдық өндірісінің бір бөлігін Қазақстанда локализациялау ұсынысын жасады. Министр орынбасары ұзақ мерзімді жобаларда жергілікті кәсіпорындармен кооперация әлеуетінің жоғары екенін де атап өтті.

Өз кезегінде Мадияр Сұлтанбек мемлекеттік қолдау шаралары және ұлттық әрі өңірлік энергетикалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Ол Қазақстанның энергия тиімділігін арттыру, электрмен жабдықтау сенімділігін күшейту және жаңа технологияларды енгізу бойынша ұсыныстарды қарастыруға әзір екенін айтты.

Кездесу қорытындысында тараптар өндірісті локализациялау және жобалардың техникалық параметрлерін бағалау мәселелерінталқылауды жалғастыруға уағдаласты. Қытай делегациясы сондай-ақ Қазақстанның Энергетика министрлігімен жеке кездесіп, салалық талаптар мен энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртудың мүмкін бағыттарын талқылады.

«Zhongyoung Power» – Қытайдағы үш ірі электр жабдықтарын өндіруші компанияның бірі, ол қуатты трансформаторлар мен энергия жүйелеріне арналған кешенді шешімдерді әзірлейді. Компания Шығыс Еуропа елдерінде энергетикалық нысандарды жаңарту мен қайта құруда үлкен тәжірибе жинақтаған және қосалқы станцияларды, трансформаторлық қуаттарды және электр тарату жүйелерін жаңғырту жобаларымен жұмыс істейді. «Zhongyoung Power» жобаларды жабдық өндіруден бастап EPC-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді пайдалануға дейін толық цикл бойынша жүзеге асырады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.