Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан-Иран бизнес форумында президенттер не айтты
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 11 желтоқсан, 2025 | 18:21
3 минут - оқу уақыты

Қазақстан-Иран бизнес форумында президенттер не айтты

Қазақстанда Иран кәсіпкерлері ашқан 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді

QazMonitor Logo
telegram / aqorda_resmi
telegram / aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 340 миллион доллардан асқан. Қазақстан Президентінің сөзінше, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деген болжам бар.

«Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтып, ең алдымен, 1 миллиард долларға, содан кейін екінші кезеңде 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Осы орайда, Тегеран қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу жөніндегі бастаманың маңызы зор. Бұл бастама отандық өнімдерді Иран нарығына жүйелі түрде жеткізіп тұруға мүмкіндік береді», деді ол.

Оның сөзінше, соңғы 20 жылда Иран Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Президент Тоқаев «Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін» екенін айтты.

«Біз Иранды аса маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Осы ретте, порт терминалдарын дамыту, логистиканы жетілдіру және транзиттік жүк көлемін ұлғайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қазірдің өзінде ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, еліміз Шахид Раджаи портында көлік-логистика терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан Қазақстан тауарларын әлем нарықтарына тікелей жеткізуге жол ашады. Біз Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірәбад, Анзали порттарымен байланыстыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Чабахар порттарымен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Қазақстан үшін Орталық Азияны Парсы шығанағымен жалғайтын мультимодальді дәліздерді дамыту маңызды. Осы ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдар арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін. Ал мұның экономикалық әсері зор болатыны анық. Аймақтағы сауда-саттықтың жандануы жаңа индустриялық жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сервистік орталықтар мен өндіріс алаңдарын ашуға жағдай жасайды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды. Бүгінде Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетсе, биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 миллион долларға жуықтады. Иранның Solico Group компаниясын ерекше атап өтуге болады. Бұл компания елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы.

«...Kourosh Food Industry компаниясы Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Осы компания елімізде өсімдік майын шығаратын және құс шаруашылығын дамытатын кәсіпорындар ашқысы келеді. Тағы да атап өткім келеді: біз ынтымақтастық орнатуға қашанда дайынбыз. Сондықтан Иран кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге, Қазақстанда заманауи өндірістер ашуға шақырамын», – деді Қазақстан басшысы.

Бұған қоса өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалудың маңызына тоқталды.

«Каспий теңізінің тағдыры – өте өзекті мәселе. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бәрімізді алаңдатып отырған мәселені шешу – бес елдің ортақ міндеті. Бұл іске халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын тартқан жөн. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Осы орайда, Каспийдің суын сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдап, бірлесіп әрекет етуіміз керек. Оған қоса, Қазақстан делегациясы келесі жылы Тегеранда өтетін VII Каспий саммитіне қатысуға ниет білдіріп отыр. Еліміз алдағы екі жылдың ішінде IV Каспий экономикалық форумын өткізуді ұсынды», деп қосты Президент.

Сонымен бірге жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті. Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылып, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырғанын атап өтті. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Иран компанияларын тығыз байланыс орнатуға шақырды.

Өз сөзінде Масуд Пезешкиан Иран – Қазақстан бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға, Каспий теңізінде консорциум құруға, Ақтау портында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалар мен тарату орталығын ашуға, Қазақстанда тағам өнімдерін және қағаз қаптамаларын шығаратын бірлескен зауыт ашуға, Алматыда ирандық құрылыс материалдарының экспорттық паркін жасақтауға уағдаласқанын атап өтті. Сондай-ақ минералогия, шикізатты өңдеу және аймақтық экспортты өркендету салаларында ықпалдастық орнатты. Иран – Қазақстан бірлескен сауда кеңесінің құрылуын, тікелей әуе рейстерін дамытуды, кәсіпкерлерге виза режимін жеңілдетуді, екі елдің сауда көрмелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолдайтынын жеткізді.

Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.