Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Неліктен қазақстандықтар жүгіруге жаппай көшуде: Мураками әсері, медитация және бақыт гормоны

Неліктен қазақстандықтар жүгіруге жаппай көшуде: Мураками әсері, медитация және бақыт гормоны

Жүгіру физикалық саулықпен қатар менталдық саулыққа оң әсер етеді, дейді кейіпкерлер

QazMonitor Logo
Фото: mustafinmag.kz
Фото: mustafinmag.kz

Неліктен қазақстандықтар жүгіруге жаппай көшуде: Мураками әсері, медитация және бақыт гормоныСоңғы жылдары жүгіру жай ғана спорттық жаттығудан асып, заманауи мәдениеттің ажырамас бөлігіне айнала бастады. Әсіресе жастар арасында жүгіру трендке айналып келеді, деп хабарлайды QazMonitor.

Әлеуметтік желідегі таңғы жүгіріс туралы стористер, Алматы марафонындағы мыңдаған қатысушылар және әлемдік жұлдыздардың Харуки Мураками шығармашылығына деген қызығушылығы – мұның бәрі үлкен трендтің көрінісі. Жүгіру - хобби ме, әлде спорт па? Ол адамның эмоционалдық күйіне қалай әсер етеді? Бұл шынымен де шығармашылық идеялардың генераторы ма? Біз бір жылдан бері тұрақты түрде жүгірумен айналысып жүрген екі қазақстандық маманмен сөйлесіп, олардың тәжірибесі мен ішкі тебіреністерін білдік.

Мураками мотивациясы мен алғашқы қадамдар

Әркімнің спортқа келу жолы әртүрлі. Біріне достарының қолдауы себеп болса, екіншісіне әдебиет түрткі болады.

Суретші-қоюшы Алан Рыспековтің айтуынша, жүгіруге 2023 жылдың соңында қызыға бастаған, алайда бастап алып, бір айдан соң тастап кеткен. Екі жылдан соң қайта қызыға бастаған, оған достары әсер етті.

«Достарым Орталық стадионда өтетін тегін жаттығуларға шақырды. Сол жерде бұрынғы жаттығуларымның мүлдем тиімсіз болғанын түсіндім: бойды сирек қыздыратынмын, тым қатты қарқынмен жүгіріп, бұлшықеттерім мен өкпеме зиян келтіріппін. Алғашында қатты еріндім, өйткені бір жаққа жүгіргеннен көрі, артық бірнеше сағат ұйықтаған логикаға қонымды көрінетін. Мотивация кенеттен пайда болды – не өзім қаладым, не жүгіру туралы бір видео (рилс) көріп қалдым. Бес минуттың ішінде жиналып, жүгіріп кеттім», деді ол.

Ал оператор-қоюшы Руслан Абасалиевтің жүгіруге деген қызығушылығы әлемге әйгілі жазушы Харуки Муракамидің туындысынан басталған. Қазір оның жүгірумен айналысып жүргеніне бастағаныма бір жарым жылдай болды.

«Бұған Харуки Муракамидің «Жүгіру туралы айтқанда не айтамын» деген кітабы себеп болды. Оны осыдан төрт жыл бұрын оқығанда: «Жүгірген қызық қой, бірақ қазір зауқым жоқ. Уақытымды босқа кетіретін сияқтымын» деген ой келген. Ал кітапты үшінші рет аудиоформатта тыңдағанда, бірінші тараудан соң жарты сағат ішінде далаға шығып кеттім. Ол кезде жұрттың көзінше жүгіре салу мен үшін өте қиын болды. Ыңғайсызданып, алғашқы 15-20 минутта осы оймен алысып, жай ғана адымдап жүрдім», деді ол.

Жүгіру кезіндегі күй: Жапон эмбиенті мен «идеялар елегі»

Екі кейіпкердің айтуынша, жүгіру – бұл тек физикалық жүктеме емес, бұл өзіңмен-өзің қалудың ерекше мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл процесте музыка мен ішкі монолог маңызды рөл атқарады.

Алан жүгіру кезінде қиялға ерік бергенді ұнататынын айтады.

«Жүгіре бастағаннан кейін он минут өткен соң ми медитациялық режимге көшеді, автоматты түрде жүгіре бересің. Денең өздігінен қозғалып бара жатқанда, мен әртүрлі нәрселерді қиялдағанды жақсы көремін. Бұл керемет: айналаңдағы көрініс үнемі өзгеріп, қозғалып жатады, ал ми қозғалысқа ешқандай күш жұмсамайды. Ойлану мен қиялдауға кеңістік босайды. Әсіресе музыкамен жүгірген ұнайды, соңғы кездері брит-поп тыңдап, өзімді эпикалық бейнебаянның кейіпкері ретінде сезінемін», деді Алан.

Ал Руслан үшін жүгіру – бұл ойларды ретке келтіру құралы. Ол жүгіруді «құмды елеуге» көмектесетін елеуішке теңейді.

«Жүгіру кезінде өзіңді мазалаған істерге толықтай бой алдырасың. Бұл әдейі жасалмайды – жай ғана ми іске қосылып, өткен шақтан, болашақтан, қазіргі сәттен көптеген ойларды шығарады да, оларды мың мәрте айналдырып, жақсы идеяларды жаманнан іріктеп алады. Жүгіруге музыка көбірек сәйкес келеді, өйткені ол дерексіз (абстрактілі). Маған жапондық эмбиентпен жүгірген ұнайды – ол өте тыныш, соның әсерінен гипноздық трансқа түскендей боласың», деп қосты кейіпкеріміз.

Ритуалдар мен рацион: Бананнан басталған таң

Спорттық режим тек жүгірумен шектелмейді. Әр жүгірушінің өзіндік әдеттері бар.Мәселен, Алан Рыспеков өзі жүгірер алдында ерекше ритуалдары жоқ екені, тек бір-бір жарым сағат бұрын банан жеп алатынын айтады.

«Ал жүгіріп болған соң дүкенге соғып, тәтті сусын ішкенді ұнатамын. Орындыққа отырып алып, тәтті сусынды ашқанда өзіңе деген мақтаныш сезімі пайда болады. Содан кейін ғана үйге барып, жақсылап тамақтануға болады. Үйге келгенде қарын қатты ашады. Ет қосылған картоп пен салат – керемет комбо», деді Рыспеков.

Руслан болса, жүгіріп болғаннан кейін бірден үйге кірмей, көшеде серуендегенді жөн көреді.

«Жүгіріп болған соң ешқашан үйге бірден кірмеймін. Жоспарларымды пысықтау үшін далада айналып жүремін. Сол сәтте ойлар өте жақсы жұмыс істейді. Жүгіріп келе жатқанда денем аса терлемейді, бірақ тоқтаған бойда бірден су болып кетемін. Маған осы сезім ұнайды: қызықты нәрселерді ойлап тұрасың да, бір сәтте малмандай су боласың. Үйге келіп, жуынасың – болды, күн керемет басталды», деп бөлісті ол.

Менталды саулық: Мазасыздықтан арылу жолы

Жүгірудің басты пайдасы – психикалық тұрақтылық пен ішкі тыныштық. Қазіргі ақпараттық тасқын заманында бұл өте маңызды. Алан мұны «ағын күйі» деп сипаттайды. Сондай-ақ жүгіру сәтін өзіңмен-өзің қалудың қасиетті сәті деп қабылдап, оны ағын күйге теңейді.

«Бұл да медитацияның бір түрі. Жұмыс бабымен мен тіпті түнде де байланыста болуым керек, бірақ жүгіру кезінде «мен қолжетімсізбін» деген менталды тосқауыл қоямын. Өмірімде жүгіруге арнайтын бос уақыттың көбейгені ұнайды. Яғни, видео (рилс) қарап босқа өткізетін бір сағатымды енді жүгіруге жұмсаймын», деді Алан Рыспеков.

Руслан Абасалиев жүгіруді бақыттың кілтіне теңейтінін атап өтті. Себебі ол адамға энергия беріп, жұмыс өнімділігіңді арттырып, тәртіпке баулитын кішкентай генератор сияқты қабылдайды.

«Мен өзім мазасыз әрі тұйық адаммын. Жүгіруден кейін ішкі мазасыздық екі есеге азайып, күннің соңына дейін өзімді жайлы сезінемін. Кейде өмірімде бақыт үшін бір нәрсе жетіспейтіндей көрінетін, ал жүгіру – сол бақыттың есігін ашатын кішкентай кілт сияқты. Жүгіріп келе жатып, дәл осы жерде, дәл қазір бақытты екеніңді түсінесің», деп түйіндеді Абасалиев.

Кейіпкерлеріміздің тәжірибесі көрсеткендей, жүгіру – бұл тек шақырымдарды бағындыру емес, бұл өзіңді тану, шығармашылық әлеуетті ояту және күнделікті күйбең тіршіліктен демалудың ең тиімді жолы.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.