Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт болатын күн электр станциясының (КЭС) құрылысы аяқталып, нысан ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба Солтүстік Қазақстандағы жаңартылатын энергия бойынша ең ауқымды өндіріс алаңы болып саналады.
Іске қосу рәсіміне қатысқан Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев жаңа станцияның өңір экономикасының энергия тұрақтылығын арттырудағы рөлін атап өтті.
КЭС «Варваринское» АҚ-тың декарбонизация бағдарламасы аясында салынды. Жыл сайын шамамен 28,5 млн кВт·сағ электр энергиясы өндіріледі.
«Бұл кәсіпорынды күндізгі уақытта жаңартылатын көздерден толық дерлік қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген Өнеркәсіп комитеті ақпаратында.
Жоба шеңберінде жалпы ауданы 98 мың м² аумаққа 36 мыңнан астам күн панелі орнатылған. Сонымен қатар энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жоба аясында қуаты 40 МВт болатын маневрлік газопоршенді электр станциясын (ГПЭС) салу көзделген. Оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланып отыр .
«Газ станциясы күн станциясының тәуліктік өндіру көлеміндегі өзгерістерді теңестіріп, «Варваринское» АҚ-тың түнгі, таңертеңгі және кешкі уақыттағы энергия қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ пик сағаттарда АО «KEGOC» жүйелік операторы үшін реттелетін қуат беретін болады. Бұл — елде «жасыл» энергия өндірісі мен маневрлік газ станциясының қуатын біріктіретін алғашқы жобалардың бірі», деп қосты комитетте.
Жоба іске асқанда «Варваринское» АҚ кәсіпорнының жанама парниктік газдар шығарындылары 50%-ға, ал Solidcore Resources тобы бойынша жалпы шығарындылар 16%-ға қысқарады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, КЭС-ті Solidcore Resources компаниясының еншілес құрылымы «Altyn Solar Energy» компаниясы салды. Бас мердігер — «Hi-Teck Qazaqstan» ЖШС. Құрылыс кезеңінде 70 адам жұмыспен қамтылып, станцияның тұрақты жұмысы үшін 16 жұмыс орны ашылды.
Дереккөз: Өнеркәсіп комитеті